«Жалғыз оқу қиынырақ»: Павлодар облысында мектепті бір ғана оқушы бітірді (видео)
Кеше, 1 маусымда Павлодар облысындағы Төртқұдық ауылында мектеппен бір ғана оқушы қоштасты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ «Еуразия бірінші арнасы арнасына» сілтеме жасап хабарлайды. Телеарна мәліметінше, Төртқұдық ауылындағы мектепте барлығы 26 бала білім алады.
Ал биыл 11-сыныпты бір ғана оқушы – Данияз Төребаев бітірген. 1 маусым күні Данияз үшін соңғы қоңырау соғылған. Данияздың айтуынша, жалғыз оқу қиынырақ. «Қайтсең де үй тапсырмасын орындау керек болады. Сабақтан қалуға, қашуға болмайды, сондай-ақ сабақтарға толық қатысуға тура келеді», — дейді жас түлек. Сонымен қатар мұғалімдерр қауымының басым бөлігі – осы мектептің түлектері екен.
Бір қызығы Данияздың сынып жетекшісі үлкен ағасы Ниязбек болған. «Бізде 12 мұғалім бар. Соның ішінде 10 мұғалім – осы мектепте оқып, грантқа түсіп, кейін мектебіне оралған біздің түлектер. Былтыр екі жас маманды шақырдық. Олар ауылдағы жағдайға қарамастан, осында қалды. Алдағы уақытта бізбен бірге жұмыс істейді деген тілегіміз бар», — дейді Төртқұдық ауылдық мектебінің директоры Сәуле Смақаева. Ал Данияз Төребаевтың айтуынша, мамандық таңдау оңай болмаған. Жас түлек ойлана келе мұғалім болам деп шешім қабылдаған. «Павлодар қаласындағы университетке оқуға түсіп, спортпен, дзюдомен айналысқым келеді. Спорт шебері кандидаты атанып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болуды армандаймын», — дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысы Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатын екі-ақ түлек бітіргенін жазған болатынбыз.