70 iPhone мен 3 ноутбук: Құны 52 миллион теңгелік тәркіленген гаджеттер мемлекеттік органдарға тегін берілуі мүмкін

Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті құны 52,2 миллион теңге болатын Apple техникаларын мемлекеттік органдардың біріне тегін бермек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Protenge Telegram-арнасының мәліметінше, мемлекеттік органдар iPhone 13 және 14 моделіндегі 70 жаңа телефон мен 3 Macbook, 1 құлаққапты тегін аукцион арқылы ала алады.
«Егер мемлекеттік органдарға компьютерлер шынымен керек болған күннің өзінде оларға 70 айфон мен құлаққаптың не үшін қажет екені бізге белгісіз», – деп жазды авторлар.
Айта кетейік, тәркіленген мүліктерді мемлекеттік органдарға тегін беру – заңды процесс. Мүлікті аукцион жарияланғанда бірінші болып өтініш берген орган алады. Бұған дейін 32 миллион теңге болатын жол талғамайтын көлік дәл осылай Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілген еді.
