Путин мен Зеленский кездесуі мүмкін – АҚШ

Ресей президенті Владимир Путин Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесуге келісті, деп хабарлайды Altyn-orda.kz “Адырна” ұлттық порталына сілтеме жасап.
Бұл туралы Fox News эфирінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлімдеді.
Рубионың айтуынша, екі ел көшбасшыларының кездесуін АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған. Қазір америкалық тарап бұл бастаманы жүзеге асыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
«Егер бәрі ойдағыдай болса, келесі кездесу Путин, Трамп және Зеленскийдің басқосуымен өтеді деп сенемін. Сол жерде келісімді түпкілікті бекітеміз
деген ой бар. Әзірге бастысы – Путиннің “Зеленскиймен кездесемін” деген келісімі. Бұл үш жарым жылдан бері болмаған жағдай», – деді Рубио.
Сонымен қатар Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров та пікір білдіріп, мұндай кездесудің жақын арада болмайтынын аңғартты.
«Ресей Украина мәселесін реттеу бойынша ешқандай форматтан бас тартпайды. Дегенмен ең жоғарғы деңгейдегі кездесулерді аса мұқият дайындықпен өткізу қажет», – деді Лавров.
