Семейдегі Telegram-чатта қазақтарға тіл тигізгендер тексеріліп жатыр

Семей қаласында Telegram желісіндегі қалалық чаттардың біріне қатысты дау шықты, деп хабарлайды Altyn-Orda.kz.

Әлеуметтік желіде жарияланған жазбаға сәйкес, «МОЙ СЕМЕЙ | ЧАТ» атты топта кейбір қатысушылар қазақтарға қатысты қорлайтын сөздер жазған. Автордың айтуынша, чаттағы бір қолданушы қазақтарды кемсітіп, «мамбет» деген сөз қолданған.

Ал басқа қатысушылар бұл әрекетті тоқтатудың орнына, оны қолдаған немесе үнсіз қалған.

Жазба авторы өзінің ұлты орыс екенін айта отырып, қазақтарды қорғауға тырысқанын жеткізді. Алайда оның сөзінше, дәл осы әрекетінен кейін ол чаттан бұғатталған.

Оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көпшіліктің наразылығын тудырды. Әсіресе, чат әкімшілігінің әрекетіне қатысты сұрақ көп. Автордың айтуынша, модераторлар қорлайтын пікірлерге дер кезінде шара қолданбаған.

Абай облысы полиция департаменті бұл жағдай бойынша тексеру басталғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, Telegram тобының модераторымен профилактикалық әңгіме жүргізілген, ал қорлайтын жазбалар өшірілген.

Сонымен қатар, чат әкімшілігі тәртіп бұзған қолданушыларды бұғаттаған. Қазір полиция қазақтарға қатысты қорлау сипатындағы пікір жазған адамның жеке басын анықтап жатыр.

Тексеру аяқталғаннан кейін оның әрекетіне Қазақстан заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі.

Бұл жағдай әлеуметтік желідегі анонимдік кейбір адамдар үшін жауапсыздыққа жол ашып жатқанын тағы бір көрсетті. Бірақ ұлтаралық араздықты қоздыру мен қорлау сөздер интернетте жазылса да, оның заң алдындағы жауапкершілігі бар.

ТегтерСемей