Алматы маңындағы «Ақ-Бұлақ» курорт аймағында шетелдіктерге арналған казино салынады

Алматы облысындағы «Ақ-Бұлақ» тау курортының аумағында шетелдік туристерге арналған казино салу жоспарланып отыр деп хабарлайды Altyn-orda.kz
Жоба курортты халықаралық туристік орталыққа айналдыру жоспарының бір бөлігі. Инвестициялық жобаға Алматы облысының әкімдігі, вьетнамдық Crystal Bay Group және Тимур Құлыбаевпен байланысты Cipros компаниясы қатысады. Жобаны қаржыландырудың шамамен 80 пайызын вьетнамдық тарап қамтамасыз етуі мүмкін.
Қазір Талғар ауданындағы курорттың бас жоспары әзірленіп, жобалық құжаттар дайындалуда.
Болашақ казино негізінен шетелдік азаматтарға қызмет көрсетуге бағытталмақ. Жоба аясында қонақүйлер, мейрамханалар және басқа да туристік нысандар салу қарастырылған.
Жоба жүзеге асса, «Ақ-Бұлақ» Алматы маңындағы шетелдік туристерге бағытталған жаңа туристік кластерге айналуы мүмкін.
Айта кетейік, әзірге казино салынған жоқ — жоба дайындық кезеңінде.










