Тоқаев: Қазақстанды «алып құрылыс алаңына» айналдыруды көздеп отырмыз

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде өткен қазақ-корей дөңгелек үстелінде Қазақстанды ауқымды құрылыс пен жаңа өндірістер алаңына айналдыру мақсаты бар екенін айтты. Мемлекет басшысы кореялық компанияларды елдегі ірі инвестициялық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда энергетика, көлік және логистика, өнеркәсіп, цифрландыру, жасанды интеллект және қала құрылысы бағыттарында ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ.

Президент кореялық бизнестің технологиялық тәжірибесі мен инвестициясы Қазақстан экономикасын жаңғыртуға үлкен үлес қоса алатынын атап өтті.

Alatau City – жаңа мүмкіндіктер алаңы

Қазақстан Кореяның жетекші компанияларын Alatau City жобасына да тартуды көздеп отыр. Қазір кореялық серіктестермен жаңа қаланың инфрақұрылымы, энергетикасы, цифрлық жүйелері және инвестициялық жобалары бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Бүгінде Alatau City инвестициялық портфелінде жалпы құны шамамен 6,9 млрд доллар болатын 67 жоба бар. Оларды жүзеге асыру шамамен 55 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Тоқаев Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін жеткізді.