Ресейдің ірі технологиялық компаниясы «Яндекс» тағы да ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады.

Ресейдің ірі технологиялық компаниясы «Яндекс» тағы да ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады деп жабарлайды Altyn-orda.kz
Соның салдарынан компанияның бірқатар сервистері істен шығып, Қазақстандағы пайдаланушылар да қиындықтарға тап болды.
11 қазанға қараған түні Украина дрондары Ресейдің Владимир қаласындағы «Яндекс» компаниясының деректерді өңдеу орталығына шабуыл жасады. Компания нысанның инфрақұрылымы зақымданып, жұмысы толық тоқтатылғанын растады.
Бұл соңғы бірнеше күн ішінде «Яндекстің» шабуылға ұшыраған үшінші дата орталығы. Бұған дейін 8 және 9 қазанда Рязань облысындағы Сасово қаласы мен Калугадағы нысандарға соққы жасалған болатын.
Шабуыл салдарынан «Яндекс Go», «Яндекс Пэй», «Яндекс Еда», «Алиса» және басқа да цифрлық сервистердің жұмысында ақаулар тіркелді.
Ресеймен қатар Қазақстан мен Қырғызстандағы пайдаланушылар да қызметтердің дұрыс жұмыс істемейтініне шағымданған.
Компания мәліметінше, Владимирдегі шабуылдан зардап шеккендер жоқ. Мамандар зақымданған инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сарапшылардың назарын аударған тағы бір жайт — шабуылдар Ресейдің жасанды интеллект пен бұлтты технологияларға қажетті инфрақұрылымын да қамтыды.
Атап айтқанда, Сасоводағы орталықта «Яндекстің» жасанды интеллект жүйелерін дамытуға пайдаланылатын суперкомпьютерлері орналасқан.










