«Үйге құлыптап кетіп жүретін едім»: Түркістан тұрғыны өзінен 30 жас кіші әйелін іздеп жүр

Түркістандық Омар Қалиқұлов хабарсыз кеткен әйелін іздеп жүр. Оның жарымен жүздеспегеніне бір жыл болған. Екі баласын тастап кеткен әйелін іздеу үшін ол «Астарлы ақиқат» бағдарламасына жүгінген, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

1966 жылы дүниеге келген Омар Қалиқұлов бұған дейін де екі рет шаңырақ көтерген. 2013 жылы 57 жасында үшінші әйелімен танысқан. Үшінші некеден туған балалардың үлкенінің жасы алтыда, екіншісі екі жаста.  

«Қуып жіберген жоқпын. Баста махаббатпен алдым», — деді Түркістан тұрғыны.

Оның сөзінше, әйелі пойызға билет алып кетіп қалған. Бұған дейін ер адам әйелінің үстінен арыз жазып, алимент өндіруге өтініш берген. Себебі, оның сөзінше, әйел балаларды туғалы қарамаған. Ал өзі ешқашан қол көтермегенін жеткізді.

Ер адам іздеп жүрген әйел — Қостанайдың тумасы. Есімі — Аида Ғабдол. Ол кезінде Қостанайдан Астанаға жұмыс іздеп келген. Осылайша, екеуі Астанада танысқан. Олардың жас айырмашылығы — 30 жас.

«Коллеж бітіргеннен кейін Астанаға жұмыс істейін деп келген. Бөтен балдар оны жаман жолға алып кетпек болған, бүлдірмек болған. Бас инженерім Бахтияр деген жігіт арашалап алып қалды да, маған әкеліп берді», — дейді ол.

Ер адам әйеліне көрсеткен құрметінен тіпті «ана» деп атағанын жеткізді. Қазір сол әйелінен көз жазып қалып отыр.

Ол 62 мың теңге зейнетақы алатынын жеткізді. Ал сол ақшаның бәрін балаларының киім-кешегіне жұмсайды екен. Балаларының үлкені кейде анасын іздейтіні болмаса, кішісі тіпті анасы көрмепті. 

Бірақ ер адам жас әйелін қызғанғанын жасырмады. 

«Бірінші бала туған кездерде оны үйге құлыптап кетіп жүретін едім. «Көзге түсе бермесін» деп. Реңі бар сияқты болатын әйелімнің. 16 жасынан жүрдім ғой мен онымен», — дейді ол.

Ол алғашында қарындасындай қабылдағанын да айтты. Кейін болашақ жары одан ақшалай көмек сұрап жүрген. Сондай-ақ, ер адам әйелін ата-анасы балалар үйіне тапсырып жібергенін, жарының ата-анасы Қостанайда тұратынын айтты.

«Бір күні «әке-шешең бар ма?» дедім. «Қостанайды тұрады» деді. Кешке таксимен бардық. Азанда «қайтамын» десем, «қалмаймын, сенімен өмір сүремін» деді. 2016-да басталды. Мешітке неке қиғыздық, АХАЖ-ға барсақ, қабылдамады», — деді ол.

Жоғалған әйел әлеуметтік желідегі таныстары арқылы табылған. Аиданың сөзінше, көп қиындық көрген. 

«Мені барлығы жақсы көрсе, қолдаса, бұлай жүрмес едім», — дейді ол.

Ол егде тартқан ер адамға тұрмысқа шыққанына өкінбейтінін жеткізді. Бұған дейін Аида даяшы, еден жуушы, күзетші секілді бірнеше жұмыс істепті. Ер адам бағдарлама барысында әйелін бала үшін кешіруге дайын екенін айтты.

ТегтерТүркістан