«Мұсылманшылық үшін араб болу керек емес». Зейнеп апаның зейінді әңгімелері

 «Құдайды қабылдау үшін том-том кітап оқып керегі жоқ»

Ата-бабамыз армандаған азаттық келген кезде есіміз шығып қуанып, бөркімізді аспанға атып, шекарамызды ашып жіберіп, құшағымызды жайып жібердік. Сол кезде өзгелердің жақсысы да, жаманы да, арамы да, адалы да қаптап кірді. «Көрмегенге көсеу таң» болып, өзге елдің қаңсығын таңсық көріп, талай теріс ағымды жастар тез қабылдап кеткені рас. Қазақта сөз бар: «ықтырмаң болмаса, желге өкпелеме» дейді. Бізде сол ықтырма болмай қалды. Бірақ бір уыс қазақ ала бұлттан тамған тамшыдай шашырап жатқан мынау кең даламыз жаһандануға жұтылып кетпес үшін не істеуі керек? Ол үшін ең алдымен өзінің баяғыдан келе жатқан тілі мен ұлттық қадір-қасиет, ұлттық салт-дәстүр арқылы ғана өзімізді сақтай аламыз. Басқа мүмкіндік жоқ. Батыс келіп жалаңаштады, шығыс келіп тұмшалады. Сонда бір уыс қазақтың шақшадай басы шарадай болды. Қай жағына қарарын білмеді. Оның үстіне 70 жыл бойы құдайсыз қоғамда өмір сүргеннен кейін, құдайға сену деген осы екен деп теріс ағымдарға кеткендер көп болды. Шындап келгенде, қазақ ешқашан құдайын ұмытқан жоқ. Қазақ бір-ақ ауыз сөзбен атам заманнан құдайын мойындап, қабылдап қойған. «Құдайсыз қурай сынбайды» деген. Құдайды қабылдау үшін том-том кітап оқып керегі жоқ. Құдайға сену керек. Дін қазір, толып жатыр. Дінге емес, Құдайға сенген абзал. Ол әрбір адамның жүрегінде.

«Алдымен қазақпыз, сонан кейін мұсылманбыз»

«Бізге келгендер сырттан оқып келдік деп, шоқитып сақал қойып, балақ қысқартып, байы өлген қатын құсап қара орамалға тұмшалады. Бұл қазақта ешқашан болмаған нәрсе еді. Олардың айтысы бойынша, «қазақпын деме, мұсылманмын деп айт» дейді. Мен оларға «алдымен қазақпыз, сонан кейін мұсылманбыз» деп жауап беремін. Өйткені, әрбір адам ұлтымен бірге туылады. Мынау қазақ болып, мынау орыс болып, анау қытай, мынау ағылшын деген секілді әркім өз ұлтымен бірге. Жаңа туған балада дым болмайды, бірақ ұлт болады. Дін ұлттың үстіне шығатын болса, ұлт жойылады. Қазіргілердің көбі халифат құрамыз деп, қазақтың қазақтығына, бірлігіне өзінің сан ғасыр бойы келе жатқан текті қасиетіне шабуыл жасап жүр. Христиан, будда, ислам деген ұлт жоқ. Есесіне қазақ, орыс, қытай деген ұлттар бар. Қытайдың ішінде де, ағылшындардың арасында да ислам дінін қабылдағандар, қазақтың ішінде де христандар бар. Бірақ соның өзінде ұлттарын сатқан жоқ. Алдымен ұлт, сонан кейін дін. Осыны көбі ажырата білсе керек»

«Тарихын, дәстүр-салтын білмейтіндер діннің қақпанына түсіп жатыр»

«Жақында қолыма бір кітап түсті. Сыртында қазақтың ұлттық салт-дәстүрі деген жазуы бар екен. Өзім де осы тақырыпты зерттеп жүргендіктен, әлгі кітапты оқып, қарап шықтым да жағамды ұстадым. Ол жерде бүкіл қазақтың қадір-қасиет, салт-дәстүрін 25 пайғамбардан таратыпты. Мысалы, Адам ата Хауа ананың бетін ашқандықтан, беташар бізге солай келген депті. Тағы сол сияқты ойдан шығарылған аңыздар арқылы қазақтың бүкіл дәстүрін 25 пайғамбарға беріп қойыпты. Егер де пайғамбардың жолы болатын болса ол — сүннет. Оны бүкіл мұсылмандар орындауы керек. Ал неге басқа ұлтта беташар, тұсаукесер, шілдехана жоқ? Бұл тек қазақтың, өзінің дәстүрі ғой. Бірақ қазір тарихын, дәстүрін білмейтін адамдарды діннің қақпанына осылай түсіріп жүр. «Келінге сәлем салуға болмайды» дейді. Өйткені, келін құдайға қосақ қосып, құдайға табынып тұр дегенді шығарыпты. Келін иілу арқылы келген жерінің әулетіне де, әруағына да құрмет көрсетіп тұр. Келмей жатып тайраңдаса ол қандай келін болады? Бұл үлкен мен кішінің арасындағы өте әдемі, жібек жіп секілді сүйкімді салты. Қазақ ешқашан адамға табынбайды. Ол тек бір құдайға табынады. Ал адамға құрмет көрсетеді».

«Дәстүрді бұрмалауға болмайды!»

Орыстың баласының тұсауын кеспесе де зыр жүгіріп жүреді. Ал қазатың баласын тұсауын кеспесе сүрініп, шалына береді. Неге? Өйткені бұл дәстүр қайталана беріп, қазіргі тілмен айтқанда энергетикалық жолға айналып кеткен. Қазақша айтқанда киеге айналған. Бізде дәстүр десе, тек беташар, тұсау кесу, бесікке салуды ғана айтамыз. Ал халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан этикасы, үлгі-өнегесі қайда қалды? Осы бірді-екілі дәстүрді спектакль қылып көрсетеді. Онда да ата-баба дәстүрімен жымдастырып, әдемілеп көрсетсе мақұл ғой. Қазір көпшілік ала жіптің мән-мағынасын ұғына бермейді. «Кісінің ала жібін аттамасын» деп кесіп жатырмыз деп ойлайды. Ұрлық жасамасын деп қана тұсау кесу деген ойға сыймайды. Ала жіп – тіршіліктің нышаны деуге болады. Өйткені бір Құдай ғана жалғыз, қалғанының бәрі екіден, ер мен әйел, ыстық пен суық, қара мен жарық, қыс пен жаз, ары қарай кете береді. Ақ жібін әдейі көбірек қылады. «Жақсылық болғанда, асып-тасып кетпесін, қиындықтар болғанда, басылмасын, екеуіне де тең өссін» деп пышақпен кеседі. Қазір кейбіреулер қайшымен кесіп жүр. Одан баланың өмірі қайшыланып қалады. Қит етсе, әжелерге кестіреді. Қазақ әже түгіл, жайбасар, сылбыр жүретін адамға тұсау кескізбеген. Әжелер баланы бесікке салады. Қырқынан шығартады. Бірақ тұсауды әжелерге кескізбейді. Әжелер ала жіпті баланың аяғына орап байлап береді. Қыз баланыкін аяқ-қолы балғадай, істеп жүрген тірлігін тыңғылықты бітіретін, өзі жүргек, пысық, ел аузында әдемі аты бар, сондай келіншектерге кескізеді. Ұл баланың тұсауын ел алдында жүрген, қолынан іс келетін көрнекті жігіттерге кескізеді. Ал тоқ ішекпен кесу қосымша ғана. Өйтетіні «іші-сырты майлы, бай, берекелі болсын» деген мағына. Ал шөппен кесетін себебі, туған жерінде көк шөптей тамыр тартып, желкілдеп өссін, өнсін деген мағына. Ал негізі ала жіппен кесу керек.

«Әсіредіншілдер ұлттық қадір-қасиетімізді ұрлап жатыр»

Халықта сөз бар: «тасын ала берсе, тау да таусылады» деген. Сол секілді әсіредіншілдер ұлттық қадір-қасиетімізді ұрлап жатыр. Қазақтың қыздары күйеуге тигенге дейін басына орамал салмаған. Басына орамал түсті деген сөз некесі қиылған, әйел болды дегенмен бірдей. Қазақтың қыздары камшат бөрік, құндыз бөрік пен үкілі тақия киген. Бұлар қыздардың өзін қалай көріктендіреді. Сол бас киімді киген қыздар шаш күтіміне қатты көңіл бөлген. Қолаң шаш, сұрғылт шаш, алтын шаш дегендер қыздардың шашына берілген сын-сипат. Сол шашқа тағатын шашбау, шаш-теңге, үзбе дегендердің астарында да әдемі түсінік бар.  Сонда мұсылман болады екенбіз деп осының барлығын қара орамалдың астына көмеміз бе? Бұл – санасыздық. Қазақтар тұрмысқа шыққаннан кейін бірнеше күн сәукеле киеді. Сәукеленің артында желегі болады. Ол желек бір жылға дейін сақталады. Сонда күні бүгінге дейін «желегі түспеген жас келін деп» айтуы содан. Содан кейін барып, ауылдың әйелдері сен енді келіншек болдың деп кимешек кигізген. Қазақтың жас келіншектерінің киімінен өткен сұлу киім жоқ. Ол тіпті ұсқыны жаман адамның өзін сұлу етіп көрсетеді. Қазақтың мұсылманшылығы өзіне керемет. Олай болатын болса, мұсылман болу үшін араб болып керек жоқ, қазақ болып қалу керек!

Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы