«Атыс та, пышақтасу да болды»: Зардап шеккендердің туыстары Алматы облысында орын алған қанды төбелес туралы айтты

 

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында болған төбелес туралы зардап шеккендердің туыстары айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana TV арнасына сілтеме жасап. 

Түрген ауылының бірнеше тұрғыны жанжалдасып, соңы төбелеске ұласып, нәтижесінде бір жігіт қаза тапты. Оның мәйітін ауыл тұрғындары ауруханаға жеткізген. Тағы төрт адам ауыр жарақат алды. Соңында жанжалдасушылар пышақтасып, содан кейін оқ атқан. 

Төтенше жағдай ауыл шетінде болды. Мерт болған жігітке оқ атылды. Ауруханаға түскен жәбірленушілердің кеудесі мен іші тесіліп, денесі кесілген. 

Зардап шеккен 28 жастағы жігіттің нағашысы Әбубәкір Қамзаевтың айтуынша, оның артынан ауылдастары келіп, сөйлесуге алып кеткен.

“Жиенім оларды тыңдап, көлікке отырды. Сөйтсе, ол жақта бірнеше адам болған. Олар жігітті пышақтап тастады. Атыс та, пышақтасу да болған. Дәрігерлердің айтуынша, қазір ол ауыр халде. Реанимацияда жатыр. Дәрігерлер дөп басып ештеңе айтпады”, – деді Әбубәкір Қамзаев.

“Отадан кейін ер адам қазір реанимация бөлімінде. Жағдайы нашар. Екі науқас бейіндік бөлімде. Жағдайлары орташа ауыр деп бағаланды. Ал бір науқас амбулаториялық емделуге жіберілді”, – деді Еңбекшіқазақ көпсалалы ауруханасының жедел жәрдем бөлімшесінің меңгерушісінің м.а. Лилия Мұстафаева.

Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.

“Жедел-тергеу тобы құрылды. ҚР ҚК 99 бабы “Адам өлтіру” бойынша қылмыстық іс тергелуде. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық қатысушылары мен оқиғаның себептерін анықтау шаралары жүргізілуде, – деп мәлімдеді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Ауылда мұндай жағдай орын алғанына тұрғындар алаңдаулы, өйткені олардың айтуынша, осы уақытқа дейін олардың арасында жанжал болмаған.

“Халық тату болды. Жастар үнемі мешітке барады. Не себеп болғанын білмеймін. Мүмкін болмашы нәрсеге сөзге келіп қалды”, – деді ауыл тұрғындарының бірі Мубориз Сулиев.

Жанжалдың нақты себебі неде екенін тергеу нәтижелері көрсетеді. Жанжалға қатысы барлар адам өлімі үшін жиырма жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін.

Естеріңізге салсақ, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында жанжалдан кейін ауруханаға түскен 4 науқастың жағдайы туралы хабарланған еді.