Екібастұзда бүгін кешке дейін барлық үйге жылу беріледі – жедел штаб
Екібастұзда әлі 11 үйде жылу жоқ. Бүгін кешке дейін барлық үйді жылуға қосу жоспарланып отыр.
Төтенше жағдайды жою жөніндегі жедел штаб Екібастұз қаласында апатты-қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.
4 желтоқсан сағат 08:00-дегі жағдай бойынша 11 үйдің жылу желілері жөнделуде.
Пәтерлерде жылу беруді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жылу жүйесіне қосылуға дайын үйлерде құбырлар мен радиаторлар ауыстырылуда. Сонымен қатар сумен және жылумен жабдықтау жүйелері жөнделіп жатыр.
«Екібастұзда барлығы 689 көпқабатты үй бар. 11 үйге бүгін кешке дейін жылу беру жоспарланып отыр», — делінген штаб хабарламасында.
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 500-ге жуық адам жұмылдырылған.
Бұған дейін Екібастұз қаласында жылуды қалпына келтіру жұмыстарына 7 ірі кәсіпорын тартылғаны хабарланған болатын. Олардың әрқайсысына көппәтерлі тұрғын үйлер бекітілген.