Елордада «Таза Астана» әлеуметтік жобасы бойынша жұмыстар жалғасып жатыр
Бұл жоба абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, аулаларды тазалау, балалар ойын алаңдарының тозығы жеткен жерлерін жөндеу бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізуге бағытталған. «Таза Астана» әлеуметтік жобасы «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында биыл мамыр айынан бастап жүзеге аса бастады деп хабарлайды Altyn-orda.kz
Аталған жоба қала аумақтарын пайдалануға, күтіп ұстауға және тазалауға жауапты заңды және жеке тұлғалардың жұмысын оңтайландыру мақсатын көздегендіктен, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. «Таза Астана» әлеуметтік жобасының жетекшісі Гүлвира Абетованың айтуынша, техникалық қызмет көрсету және тазалықты қамтамасыз ету нысандарына көппәтерлі тұрғын үйлер мен іргелес аумақтар, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлер, балалар алаңдары, автотұрақтардың төбесінде орналасқан аулалар, блок ішілік аумақтар мен аллеялар, скверлер, газондар, жарықтандыру, инженерлік-техникалық жабдықтау сияқты абаттандыру элементтері жатады. Мысалы, бүгін Астанадағы «Сәулет» тұрғын үй кешені мен соның ауласында жасалған жұмыстар сондағы жұрттың көңілінен шығып отыр.
«Біздің тұрғын үйдің салынғанына 14 жыл, сондықтан жөндеу жұмыстары керек екенін түсініп, «Таза Астана» жобасына бірінші рет қатысып отырмыз. Мұндай жобалар қажет деп санаймын. Оған қатысатын тұрғындардың да белсенділігі артады әрі өзімізді тәртіпке шақырамыз. Сондай-ақ, бәріміз бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесін көру бізге қуаныш сыйлайды.
Осыны қолдаған біздің үйдің тұрғындарына алғысым зор», — дейді «Сәулет» тұрғын үйіне қарасты ОСИ-дің (мүлік иелерінің бірлестігі) төрайымы Жанна Ефремова.
Жобаны қолға алғанда бірінші кезекте көп пәтерлі тұрғын үйлер мен іргелес аумақтардың тізімі құрылған екен. Тізімге тұрғын үйдің Мәслихаттың қай депутаты жауапты округке, қай ауданға жататыны туралы, тұрғын үйдің аумағында да, оған іргелес жатқан блокішілік бөлігінде де қандай қызмет көрсететін ұйымдар тіркелгені туралы мәліметтер енгізіледі. Барлық кварталішілік көшелер мен қаланы абаттандыру элементтері жауапты учаске бригадирлеріне, ал үйлер басқару нысандарына (МИБ/ПИК/ЖШС басшыларына) бекітілген.
«Мамыр айынан бастап ерікті волонтер қатысушыларды іріктеу ашық түрде өткізіліп жатыр. Олар басқарманың мамандарымен бірлесе отырып, болашақтағы экологиялық комиссияларды бағалау критерийлерін анықтады. Сонымен қатар сәйкестік балы мен номинациясын тағайындау үшін комиссияларға өз аумақтарын тексеруге өтінімдер берген болатын. «Таза Астана» қатысушылары – үйлердің аумағында қажетті жөндеу, пошта жәшіктерін орнату, футбол алаңдарын жөндеу және сырлауға атсалысқан, көршілермен бірге сенбіліктер мен мерекелер өткізген, энергия үнемдеуге көшкен және тәртіп ережелерін сақтау белгілерін орнатқан, сонымен қатар полиция және төтенше жағдайлар бөлімшелерімен бірлесіп, баспалдақ алаңдары мен техникалық қабаттарды қоқыстан тазарту түріндегі ауқымды жұмыстарды атқарған кондоминиум объектілерінің иелері мен басқару ұйымдары болды», — дейді «Таза Астана» әлеуметтік жобасының жетекшісі Гүлвира Абетова.
Бұл жоба 3 айдан астам сынақ тәртібінде жұмыс істеп тұр. Экологиялық комиссиялардың актісін бағалаудың тұрақты критерийлері анықталған. Еріктілерге қалалық жобаға қатысқаны үшін номинациялар мен ынталандыру сыйлықтары беріледі.
Жобаның сынақ мерзімі аяқталғаннан кейін «Таза Астана» жобасы тұрақты негізде жүзеге асырылады, бағалау критерийлері әрбір тұрғынға онлайн тәртіпте қолжетімді болады және экологиялық комиссиялар қала аудандары мен көп пәтерлі тұрғын үйлердің аумақтарын тазалау, техникалық қызмет көрсету және абаттандыру бойынша сәйкестік есептерін толтыру үшін жұмыстарының ауқымын кеңейтеді.
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ