Қазақстандық бес боксшы халықаралық турнирдің жартылай финалына шықты

Қазақстандық бес боксшы Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан «Ұлы Жібек жолы» халықаралық турнирінің жартылай финалында жұдырықтасады.

Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды. Турнирдің екінші күнінде қазақстандық үш боксшы шаршы алаңға шығып, үшеуі де жартылай финалға жолдама алды. 60 келі салмақ дәрежесіндегі Талғат Сырымбетов ширек финалда венгриялық боксшы Марк Адольф Балоқты жеңді.

Ал Дархан Дүйсебай (71 келі) жергілікті былғары қолғап шебері Наби Искандаровтан төрешілердің шешімімен басым түсті. Бекзат Таңатар (86 келі) Өзбекстанның тәжірибелі боксшысы Самандар Джалоловты ұтты. Айта кетейік, жарыстың алғашқы күні қазақстандық алты боксшы сынға түскен еді. Оның тек екеуі – Теміртас Жүсіпов (48 келі) пен Сағындық Тоғамбай (92 келі) жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті.

Осылайша, қазақстандық бес боксшы жартылай финалда бақ сынайды. Еске салайық, Қамшыбек Қоңқабаев және тағы 10 боксшы халықаралық турнирде Қазақстан намысын қорғайтынын жазғанбыз.

kaz.nur.kz