«Келініме тәрбие бермеймін»: Айнұр Тұрсынбаева «жас келін түк білмейді» дегендерді сынға алды
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева “Уақыт көрсетеді” бағдарламасында ұлының отбасына араласпайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бағдарлама жүргізушісінің: “Балаңыз үйленді. Келініңізге не деп тәрбие бересіз?” деген сұрағына Айнұр Тұрсынбаева: “Ешқандай тәрбие бермеймін. Балам үйленер кезде “қызды жылатпаймын, хақына кірмеймін, әйелім деп сыйлаймын, ұрпағымның анасы ретінде қараймын” десең ғана рұқсатымды беремін дедім. Ертең оны жылатып, ата-анасы маған шығып жатса, маған өте ұят тірлік. Көпшілік менімен келіспейтін шығар, бірақ мен баламның отбасына араласпаймын”, – дейді ақын.
Айтыскердің айтуынша, “жас келін түк білмейді” деген қате пікір.
Екеуі де оқыған, кәмелеттік жасқа толған, оңды-солын біледі. “Жас келін түк білмейді” деген пікірмен келіспеймін. Қазіргі жастар бәрін біледі. Менің келінім иіліп тұрып күтіп алады, бәрін жасайды. Ол бес тіл біледі. Оны қалай түк білмейді дейміз? Құрметтегенде адамның асты-үстіне түседі, күйеуінің жағдайын жасап отыр. Оған не тәрбие керек? Бізде “келінді тәрбиелеу керек” деген ұғым бар. Мен онымен келіспеймін. Қазіргі келіндер бізден де ақылды”, – деді ол ойын ашық айтып.