Құрбысын соққыға жыққан 3 жасөспірім қыз жазадан құтылып кетті

Құрбысын аяусыз соққыға жыққан  талдықорғандық 3 жасөспірім қыз жазадан құтылып кетті. Бірісінің әлеуметтік желіде шетелдік азаматпен қонақ үйде кездескен суреті және бәрінің ішімдік ішіп отырған видеосы тарады. Бұрымдылардың бұлағай қылығына қатысты қатаң шара қолдандар жоқ, деп жазды  “Адырна” ұлттық порталы жазды.

Әлеуметтік желіде 3 жасөспірім қыздың пәтерде құрбысын аяусыз соққыға жыққанын бейнелейтін видео қоғамды дүрліктірген еді. Кейінгі деректер де көңіл көншітпеді. 3 қыздың бірі — Мейрамгүлдің шетел азаматымен кездескен суреті шықты. Құндыз әкесімен бірге халықтан кешірім сұрады. Айсұлу жапа шеккен құрбысын әлі бопсалап отыр.  Бірақ олардың әрекетіне тоқтау салған ешкім жоқ. Бұған қатысты журналист Самал Қабышева жазба жариялады.

— Айсұлуға  ештеңе де болмайтын болды. Оның мәселесін қараған «Қаратал ауданындағы кәмелетке толмаған балалардың комиссиясының өкілдері» осындай шешім шығарған. Яғни, Айсұлу Үштөбегі Бастөбе
техникалық колледжінде оқуын жалғастыра береді. Бұзықтарға арналған девианттардың мектебінде ауыстырылмайды. Біз бен сіздің арамызда емін-еркін жүре береді. Комиссия үш ай оған сынақ берді, егер бұзақылық жасаса оқудан қуылады деп комиссия өкілдері қуып отыр. Оны бұзықтардың тізіміне алдық деп мәз. Еее, бірінші болып ұрып бастаған осы Айсұлу емес пе еді. Ұру тактикасының өзі кәсіби түрде. Істеген істері әккі қылмыскерден еш айырмашылық жоқ. Олар Мадинаны [жапа шеккен қыз] жібермей ұстап отырған. Ұрған. Мадинаны полиция барып, алып шыққан. Демек, адам ұрлығы болып тұр бұл жерде. Неге сіздер қылмыстық іс қозғамадыңыздар?! Олардың қандай құқы бар, адамды қинап ұстауға? Әлде Талдықорғанда басқа заң ба? Ал Қаратал ауданының комиссиясына 2 деген баға беремін. Қоғамға мүлдем жанашырлықтарың жоқ екен. Қанша күннен бері бүкіл Қазақстан шулап жатыр осы Талдықорғандағы қыздардың төбелесі бойынша. Бекерден бекер шулап жатқан жоқ. Олар өз балалары үшін алаңдайды, ертеңгі күніміз үшін алаңдайды. Кәмелетке толмағандардың бетімен кеткеніне күйінгендіктен алаңдайды. Неге комиссия мүшелері осы жауапкершілікті түсінбедіңіздер. Айсұлудың девианттарға арналған мектепке ауысыуын талап етемін. Егер ескермесеңіздер, талабыма құлақ аспасаңыздар. Біз қоғам болып наразылыққа шығамыз. Жетер бәріне! Тойдық!

Бұл қыздар бұл қылмысқа саналы түрде, алдын-ала сөз байласу арқылы барған. Яғни, пәтерді жалдаған. Мадинаны алып келген. Ұрған. Жібермей отырған. Мадинаны полиция барып, алып шыққан. Ол аздай есікті бірден ашпаған. Бұл қылмыс! — деп жазды Самал Қабышева.

Басына зақым келген Мадина қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Бірақ Мадинаға бұзақы жасөспірім қыздар қоқан-лоқы көрсетуін қояр емес. Бұған қатысты журналист:

— Жұмыс жүргізгендеріңіз осы ма? Ертең адам өледі, соны күтіп отырсыздар ма? Талдықорғанда үш қыздан оңбай таяқ жеген Мадинаның өміріне қауіп төніп тұр. Мына бетімен кеткендер тоқтар емес, жан-жақтан осылай қорқытып, үркітіп жатыр — деп дабыл қағып отыр.