Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Мақпал Жүнісова мен қызы Мерей туралы бүкіл құпияны ашық айтты
Былтыр әнші Мақпал Жүнісова әлеуметтік желіге қызы Мерейді асырап алғаны туралы видео жүктеп, ел күтпеген мәлімдеме жасаған еді. Қоғамда қызу талқыға түскен бейнеүндеуге қатысты марқұм Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов Stan.kz ақпарат порталына берген эксклюзивті сұхбатында әкесінің екінші отбасындағы бүкіл шындықты ашық баяндап берді.
Кіші Нұрқаділовтің айтуынша, бұл жағдайдан олар бұрыннан хабардар екен. Бірақ дүйім жұртқа жариялап, елді елең еткізуді қаламаған.
«Мерей әкемнің қызы емес екенін бұрыннан білетінмін. Отбасымызда бес адам білген шығармыз. Біз оны ешкімге айтқан жоқпыз. Мақпал мен Мерейге не болып қалғанын мен түсінбеймін. Анасы мен қызының арасында түрлі жағдайлар болады ғой. Мерей өсіп кетті, мінезін көрсеткен шығар. Бірақ Мақпал оны бекер жасады», – деді Қайрат Заманбекұлы.
Қайрат Нұрқаділов бұл сұхбатында әкесінің құпия өліміне қатысты жұртты қызықтырған сауалға да жауап берді. Ол мемлекет басшысына хат жазып, тергеу ісін қайта қарауды талап еткен екен.
«Мен президенттің атына хат жазғанмын. Оны қайтадан прокуратураға жіберді. Прокуратурадан жауап келді. “Бұл іс қаралмайды, өзгеріссіз қалады” деді. Мен депутат болсам, осы істі бастаймын, ашамын деп ойлағанмын. Бірақ бұл Рысбек Сәрсенбаевтың да бағдарламасында бар», – деді Заманбек Нұрқаділовтің ұлы.
Қайрат Нұрқаділов биыл, яғни 2023 жылы 19 наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауына қатысу үшін Алматы облысының №11 сайлау округіне кандидат ретінде тіркеліп, кейін бұл ойынан бас тартқан еді.
“Алматы облысы – әкем жақ. Ол жердегі халық әкемді де, мені де жақсы біледі. 25 ақпанда депутаттыққа үміткер ретінде мен өзімнің арызымды жаздым. Содан жеті күннен кейін Рысбек Сәрсенбаев та өзінің арызын жазыпты. Комиссиядан өтіп, куәлігімізді алғанан кейін Рысбек аға екеуміз кездестік. Мен Рысбек Сәрсенбаевтың бағдарламасын көріп, оқып шықтым. Екеуміздің бағдарламамыз ұқсайды, сәйкес келеді екен. Біріншіден, біз бір ұрпақтың баласымыз. Екіншіден, әкем мен Алтынбек Сәрсенбаев тірі болғанда, олар келісіп, Алтынбек әкеме жол берер еді. Бәріміз ақылдасып, осы жолды Рысбек ағамызға берейік деп шештік. Соның үгіт-насихат жұмыстарына қатысамын», – деді Қайрат Нұрқаділов.
Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділовтің эксклюзивті сұхбатының толық нұсқасын Youtube арнамыздан көріңіздер!