Астана. 26 ақпан. BAQ.KZ. 16 ақпанда Астанадағы №1 қалалық аурухананың мамандары Мәскеудің Н.В.Склифосовский атындағы Жедел жәрдем ҒЗИ дәрігерлерімен бірлесіп
бауырды алмастырып салу операциясын жасады. 55 жастағы Хамилаш Бабырқызының доноры – туған ұлы, 32 жастағы Данияр Жұмабеков болды.
Данияр Жұмабеков, донор:
Анам осындай жағдайға дұшар болғандықтан жай тауып отыра алмадым. Сонымен бірден дәрігерге қаралып, өз бауырымның жартысын беруді ұйғардым. Алғашында анам қарсы болған. Кейін мамандармен ақылдаса отырып, бір шешімге келдік. Шүкір, операция сәтті өтті.
Хамилаш Жұмабекова, науқас:
Операция сәтті өтті, ештеңе сезген жоқпын. Ұлым өз қалауымен бауырының жартысын берді. Оған алғысым шексіз.
Хамилаш Бабырқызына бауырдың бастапқы билиарлы циррозы диагнозы қойылған. Науқасқа көмектесуге Отандық медицина қауқарсыз болғандықтан, мәскеулік мамандардың көмегіне жүгінуге тура келді. 16 сағатқа созылған операцияны 4 хирург, 1 дәрігер-гепатолог және 2 анестезиолог жүргізді.
Абылай Донбай, Астана қаласы №1 қалалық аурухананың дәрігер-хирургі:
Операция үстінде бірінші кезекте донорды аман алып қалу керек. Өйткені бауырының жартысын беріп жатқандықтан мұндай жағдайда ең маңыздысы донордың өмірі. Сондықтан операция үстінде, операциядан кейін ешқандай асқынушылықтар болмауы керек. Егер донорды жоғалтып алсақ, жағдай тым қиындап кетеді.
Айта кету керек, бүгінде бауыр ауыстырып салу операциясына мыңдаған қазақстандық мұқтаж. Мұндай операция Астанада алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы.