Ресейліктер Әзербайжанға жолдама сатып алудан бас тарта бастады

Мәскеу мен Баку арасындағы саяси жағдайдың ушығуы аясында ресейлік туристер Әзербайжанға сапарлардан жаппай бас тарта бастады. Бұл туралы Комсомольская правда басылымына Ресей туризм индустриясы одағының (РСТ) вице-президенті Юрий Барзыкин хабарлады. Оның айтуынша, Әзербайжанға турларды брондау көлемі 40 пайызға төмендеген деп хабарлайды  Altyn-orda.kz 

«Бұл 40 пайыздық төмендеу – іс жүзінде жаңа броньдардың мүлде жоқ екенін білдіреді. Қазіргі уақытта Бакуге жаңа өтініштер жоқтың қасы. Адамдар жағдайдың қалай өрбитінін күтуде», – деді Барзыкин.

Сонымен бірге, ол Әзербайжанда демалып жатқан ресейлік туристердің арасында дүрбелең жоқ екенін атап өтті. Сатып алынған жолдамалар бойынша жаппай бас тартулар тіркелмеген – туристер ағынының шамамен 60 пайызы сақталып отыр.

Бұл ақпаратты Ресей туроператорлары қауымдастығы (АТОР) да растады. Қауымдастықтың баспасөз қызметі РИА Новости агенттігіне туристерден шағымдар мен елге жедел оралу туралы сұраныстар түспегенін хабарлады. Жолдамаларды қайтару оқиғалары сирек кездеседі. АТОР атап өткендей, ақпарат кеңістігіндегі алаңдаушылыққа қарамастан, жағдай «салыстырмалы түрде тыныш».

Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында республикаға шамамен 180 мың ресей азаматы келген.

Бұған дейін БАҚ-та Әзербайжан өз аумағында Түркияның әскери базасын орналастыруды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат тараған. Бұл қадам НАТО-ның Оңтүстік Кавказдағы ірі әскери объектісінің пайда болуын білдіреді. Аталған бастама Мәскеуде алаңдаушылық тудырып, екіжақты қарым-қатынастағы шиеленісті күшейтті