Песков: Ресей Әзербайжанмен одақтастық қатынастарды сақтап қалғысы келеді

Мәскеу Бакумен әріптестік және одақтастық қатынастарда болуды қалайды. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісіне сілтеме жасаған Altyn-orda.kz

«Ресей мен Әзербайжан — ең жақын әріптестер әрі одақтастар. Екі елді ортақ тарих, ортақ бүгінгі күн және ортақ болашақ біріктіреді. Өз арамызда туындайтын барлық мәселе, сөзсіз, конструктивті жолмен шешілуі тиіс және бұл екіжақты қарым-қатынасымыздың жалпы рухына сай болуы қажет»,—деді ол.

Песков Бакудегі Ресей елшілігі мен Ресей Сыртқы істер министрлігі Әзербайжан тарапымен тұрақты байланыста екенін атап өтті.

Айта кетейік, 27 маусым күні таңертең ФСБ қызметкерлері Екатеринбургтегі бірнеше мекенжайға рейд ұйымдастырып, этникалық негізде қылмыс жасады деген күдікпен

бірнеше азаматты тұтқындаған. Арнайы операция барысында Зияддин және Гусейн Сафаровтар қаза тауып, тағы бірнеше адам жарақат алған.

 

ФСБ бұл рейдтің бірнеше жыл бойы адам өлтіру мен өзге де қылмыстар жасады деп күдікке ілінген этникалық бандаға қарсы бағытталғанын хабарлады. Атап айтқанда, 2001 жылы Екатеринбург тұрғыны Юнис Пашаевты топ болып өлтіру ісі бойынша Сафаров бауырлары бұрын да күдікке ілінгенімен, ол кезде дәлел табылмаған.

Бұл оқиғаға байланысты Баку мен Мәскеу арасында дипломатиялық шиеленіс күшейді. Бұған дейін Әзербайжанның өз аумағында Ресейдің мәдени шараларын өткізуге шектеу қойғанын жазған едік.