Алматыда Farm House демалыс базасында ит өлімі : полиция тергеу бастады

Алматы полиция департаменті Farm House демалыс базасында болған, қоғамда кең резонанс тудырған иттің қаза болуына қатысты оқиғаға түсініктеме берді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды altyn-orda.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматыдағы танымал демалыс базасының аумағында қаңғыбас итті дарға асқан болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Желі қолданушылары наразылық білдіріп, мекемеге бойкот жариялауға шақырды және онлайн-карталардағы бағасын жаппай төмендете бастады. Қазіргі уақытта Farm House-тың 2ГИС қосымшасындағы рейтингі 1,3 жұлдызға дейін түсіп кеткен.
Жануарларды қорғау ұйымы Kare.kz иттің қаза болуына әкелген әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабына — «Жануарларға қатыгездік жасау, олардың өліміне әкелу» — сәйкес келуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Қор өкілдері оқиғаны мұқият тергеуге және кінәлілерді жауапкершілікке тартуға шақырды.
Демалыс базасының әкімшілігі оқиғаны қайғылы жағдай деп атады. Олардың айтуынша, итті келушілердің қауіпсіздігі үшін уақытша оқшауламақ болған және оған пана іздеу шаралары жүргізілген. Алайда Farm House өкілдерінің сөзінше, жануар уақытша ұстау кезінде тұншығып қалған.
Алматы полиция департаменті тергеуді Жетісу аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатқанын хабарлады.
«Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Мекеме әкімшілігінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады», — деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Бұл жағдай қоғамда және құқық қорғаушылар арасында әлі де қызу талқылануда.
