Елімізде киік өнімдерін сатумен айналысатын арнайы мемлекеттік компания құрылмақ.

 

Фото: Depositphotos.com

Қазақстанда киік өнімдерін сатумен айналысатын арнайы мемлекеттік компания құрылмақ. Бұл бастама киік санын реттеу, заңсыз сауданың алдын алу және өнім айналымын ашық жүйеге көшіру мақсатында қолға алынуда деп хабарлайды  Altyn-orda.kz

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары елімізде киік саны күрт көбейген. Қазақстанда әлемдегі киік популяциясының басым бөлігі шоғырланған, ал олардың саны 5 миллионға жуықтағаны айтылып жүр. Осыған байланысты кей өңірлерде киіктер егістікке түсіп, шаруаларға шығын келтіріп жатыр.

Жаңа мемлекеттік компания киіктен алынатын өнімдерді заң жүзінде жинау, өңдеу және сату ісімен айналысады.

Яғни ет, мүйіз және басқа да өнімдер  бақыланып  арнайы тәртіппен нарыққа шығарылуы мүмкін. Бұған дейін Қазақстанда киік етінен консерві шығару мәселесі де талқыланған.

Билік бұл қадам браконьерлікке жол бермеу үшін қажет екенін айтады. Егер өнім айналымы мемлекет бақылауында болса, заңсыз аң аулау мен көлеңкелі сауда азаюы мүмкін.

Сонымен қатар экологтар киік санын реттеу кезінде ғылыми негізге сүйену маңызды екенін ескертеді. Өйткені киік — қазақ даласының символына айналған ерекше жануар. Сондықтан бұл мәселе тек экономика тұрғысынан емес, табиғатты қорғау және ұлттық құндылық тұрғысынан да қаралуы керек.