Қазақ тілін үйреніп жүрген Бибісара Асаубаева жұртқа үндеу жасады

Фото: КФШ
Қазақстандық шахматшы, әлем чемпионы Бибісара Асаубаева қазақ тілін үйренуге кірісті. Спортшы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті деп хабарлайды Altyn-orda.kz
Бибісара қазақ тілі сабағынан қысқа үзінді жариялап, оқырмандарынан өзін қатты сынамауды сұраған.
«Қатты сынамаңыздар. Дамуымды көру үшін осында бөлісіп отыруды жөн көрдім», – деп жазды шахматшы.
Желі қолданушылары спортшының бұл қадамын жылы қабылдап, оған қолдау білдіріп жатыр. Көпшілік Бибісараның қазақ тілін үйренуге ниет танытқанын дұрыс шешім деп бағалады.
Айта кетейік, бұған дейін шахматшы ресми шаралар мен сұхбаттарда қазақ тілінде сөйлемегені үшін бірнеше рет сынға қалған еді. Осыдан кейін ол жағдайды өзгертіп, ана тілін меңгеруге күш салатынын айтқан.
Бибісара Асаубаева – Қазақстанның ең танымал шахматшыларының бірі. Ол әлемдік додаларда ел намысын қорғап, бірнеше мәрте жоғары нәтиже көрсеткен.










