Қоқысқа кететін жүн енді пайдаға жарайды: Алматы облысында ерекше тыңайтқыш шығарыла бастады

Алматы облысында қой жүнінен органикалық тыңайтқыш өндіру қолға алынды. Жаңа технология бұрын кәдеге жарамай, қоқысқа тасталып келген табиғи шикізатты ауыл шаруашылығында тиімді пайдалануға мүмкіндік береді деп хабарлайды Altyn-orda.kz  

24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстанда жыл сайын қырқылатын қой жүнінің 60 пайыздан астамы өңделмей қалады. Оның бір бөлігі қоқысқа тасталса, кей жағдайда өртеледі. Бұл экологияға да кері әсер етеді. Енді Алматы облысындағы кәсіпорын осы шикізаттан топырақтың құнарлылығын арттыратын органикалық тыңайтқыш шығаруда.

Өндіріс барысында қой жүні алдымен тазартылып, кейін жоғары температурада залалсыздандырылады. Нәтижесінде құрамында азот, фосфор, калий, күкірт, кальций мен магний секілді пайдалы элементтері бар түйіршіктелген өнім алынады.

Мамандардың айтуынша, бір тонна табиғи жүннен шамамен 900 келі дайын тыңайтқыш өндіруге болады. Кәсіпорынның жылдық қуаты шамамен мың тонна өнім шығаруға жетеді. Өндіріске қажетті жабдық Германиядан әкелінген.

Жүннен жасалған түйіршіктер ылғалды жақсы сіңіріп, көлемін 20 есеге дейін ұлғайта алады. Құрамындағы минералдар топыраққа біртіндеп бөлініп, өсімдіктің қоректенуіне көмектеседі. Өнім халықаралық FIBL тізіміне де енгізілген, яғни оны органикалық егіншілікте пайдалануға мүмкіндік бар.

 

 

Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылған. Қазақстандық жаңа өнімге Болгария, Оман, Ресей және бірқатар Еуропа елдері қызығушылық танытып отыр.

Осылайша, бұрын қажетсіз қалдық саналған қой жүні енді экологияға зиянын азайтып қана қоймай, ауыл шаруашылығына қажетті құнды өнімге айналып отыр.