Таразда көз жұмған сарбаздың киімінен шәуеті табылғандардың есімі белгілі – адвокат
2022 жылдың 19 тамызында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қарасты Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүріп, суицид жасады деген 2004 жылғы Бекбол Мираштың киімдерінен Қ. деген азаматтың, А. деген азаматтың және К. деген азаматтың шәуеттері табылды.
Бұл туралы адвокат Айман Омарова мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Омарованың айтуынша, соңғы оқиғалардан кейін сарбаздың ата-анасы одан көмек сұраған. Сондықтан, іске қатысты жасалған барлық сот-медициналық сараптаманы қолына алып, мұқият қараған және әлеуметтік желіде тікелей эфир өткізе отырып, Бекбол Мираштың футболкасынан нақты есімдері жазылған үш ер адамның және есімі белгісіз тағы екі ер адамның, барлығы бес адамның биоматериалы табылғанын ашық мәлім етті.
«Менің әріптесім (адвокат Сержан Пралиев – ред.) Бекбол Мираштың ісінде өзге ер адамдардың биоматериалдары, яғни шәуеттері табылғанын мәлім еткен еді. Менің айтарым, бұл – рас. Ол сот сараптама құжаттарында анық жазылған факт. Ол құжаттардың бәрін қарап, мен бұл істе зорлық болған деп санаймын. Сот-медициналық сараптамасынан қысқаша үзінді оқығанның өзінде, жағдай сұмдық: қаза тапқан жігіттің аузынан қан аралас шәует табылған. Бірақ тергеу «ол жігіттің өзінің шәуеті» деген. Алайда, өздеріңіз ойлаңыздаршы, бала сонда өз шәуетін өз аузына құйған ба? Жарайды, тергеудің бұл әрекетіне көз жұмдық дейік. Бірақ бір емес, бірнеше сараптама жасалған», — деген Айман Омарова сараптамаларда бірнеше ер адамның биоматериалы тексерілгенін және тексеруден өткен биоматериалдар бойынша шәует нақты кімдердікі екені анық жазылғанын айтады.
Адвокаттың мәлімдемесіне жүгінсек, ол ер адамдардың бұл әскери бөлімге тікелей қатысы бар, бірақ Омарова олардың кім екенін, яғни қатардағы сарбаз ба, әлде әскери бөлім қызметкері ме, жария еткен жоқ. Тек шәуеті табылған адамның бірі Бекбол Мираштың ісінде қазір куәгер болып жүргені анық.
«Молекулалық-генетикалық сараптама былай деп жазады: жігіттің футболкасында куәгер Қ. деген азаматтың шәуеті табылған. Одан басқа кемі екі ер адамның шәуеті табылғаны жазылған. Қ. деген азаматпен қатар, А. деген азаматтың және К.деген азаматтың биометариалдары табылды. Сонда сот-сараптама нақты үш азаматтың биоматериалын тапқан. Одан басқа тағы екі белгісіз ер адамның биоматериалы бар. Сонда бұл не болғаны!?» — дейді адвокат.
Айман Омарова осылайша Мираш Бекболдың ісінде нақты зорлық-зомбылық белгісі бар екенін, және қазір кемі бес ер адамның шәуеті бойынша дерек бар екенін, бірақ тергеу сараптамада аты айтылып тұрған үш адамға қатысты тіпті іс қозғалмағын айтып отыр. Яғни Омарова бұл істе бұрмалау бар болуы мүмкін екенін және тергеу Мираш Бекболды суицидке итермеледі деген айыппен қамауда отырған сержант Айбек Нұртаевтың ісіне ғана басымдық беріп отырғанын айтты.
«Сот сараптамасы бойынша нақты осы кісілердің шәуеті анықталған. Түсінесіздер ме!? Осының бәріне қарамастан, тергеу істі қысқартты ма, білмеймін, бірақ бұл аты айтылған үш азаматқа қатысты іс тіркелмеген. Тек қана сержантқа қатысты іс тіркеп, соны сотқа жібергісі келіп отыр. Ал сержанттың зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ болса керек, өйткені сараптамада оған қатысты мәлімет жоқ. Әрине ол сержанттың басқа баптар бойынша заңсыз әрекеттері бар болуы да, болмауы да мүмкін. Ол туралы әзірге айта алмаймын. Бірақ бұл сарбаздың өлімінде нақты зорлық-зомбылық болғанының дәлелдері бар және біз қазір істің тек бір шетін ғана айтып отырмыз», — дейді адвокат Айман Омарова.
Сондықтан, бұл айтылғандарды ескере отырып Айман Омарова әлеуметтік желіде тікелей эфир өткізді, эфир кезінде ол Президенттен көмек сұрады.
«Мынандай жағдай болып жатқан кезде әскерге сенім жоқ болып тұр. Президенттен сұрайтынымыз, осы істі басқа құқық қорғау органының тергеуіне жіберу керек, екіншіден істі өз бақылауына алса дейміз», — деді Айман Омарова.
Айта кетейік, осыған дейін Azattyq Ruhy Бекбол Мираштың өліміне күдікті деп қамауда отырған сержант Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пралиевтің сұмдық мәлімдемесін жария еткен болатын. Пралиев Айбек Нұртаевты қорғау мақсатында бірнеше рет арыз түсіріп жүріп, Бекбол Мираштың денесіне, киіміне биологиялық сот сараптамасын жасатқан. Сот сараптама Бекбол Мираштың аузы мен футболкасынан кемі екі ер адамның шәуеті табылды деп жазған.
Осы материалдан соң іс резонанс алып кетті. Қазақстандағы ең танымал адвокаттың бірі Айман Омарова да іске назар аударған, марқұм Бекбол Мираштың ата-анасы қорғаушыдан көмек сұраған. Айман Омарова бұл істен бас тартпай, істі қарауына алып отыр.
Ал бұл қылмыстық істі тергеп жатқан Ішкі істер министрлігі болса, адвокат Сержан Пралиев істің құпия деректерін жария етті деп мәлімдеген. Алайда Пралиев БАҚ арқылы тергеуге «жария етпеу туралы» қолхат бермегенін және оның мәлімдемесі толық заң аясында екенін алға тартып сұхбат берген. Бекбол Мираштың өлімін Оңтүстік аймақтық әскери-тергеу басқармасының Тараз бөлімі тергеп, тексеріп жатыр.