Қыз ұзатудың жаңа түрі: Қазақи дәстүрден бас тартқан алматылық арудың видеосы желіде дау тудырды

Алматылық арудың Қыз ұзатудағы видеосы TikTok әлеуметтік желісінде 600 мыңға жуық қаралым жинаған. Желі қолданушыларының назарын аударғаны қыздың сыңсу сүйемелдеуімен емес, орысша көңілді әуенмен ұзатылып бара жатқаны болды. Мұндай ерекше “рәсім” қазақстандық арулар үшін жаңа трендке айналғандай. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Видео кадрларынан арудың жақындарымен қоштасып, қолын сермеп, қуанып, тойханадан шығып бара жатқаны көрінеді. Қазақи дәстүр бойынша сыңсу айтып шығарып салмайтынын көрген қонақтардың кейбірі абдырап қалғаны байқалады. Алайда басым көпшілік қалыңдыққа қолын бұлғап, жаңа өмірде сәттілік тілеп жатыр.

Желіде 600 мыңға жуық қаралым жинаған видеоны қазақстандықтар қызу талқылауға кіріскен. Олардың пікірі екіге жарылды. Бірі бұл ұлттық дәстүрге сай келмейтін батыстық тренд пен санаға еліктеу десе, енді бірі қалыңдықтың да, қонақтардың да көңіл-күйін көтеріп, ұзатылып бара жатқанынан еш әбестік көрмейді.

“Олар (қыздың жақындары – авт.) қызын қайта көрмейміз деп жыламайды. Бірақ сол күннен бастап ол үйін тастап кетеді. Кейін өз үйіне тек қонақ ретінде келеді”, “Ұзату сәні — сыңсу. Егер нағыз қазақы жолмен ұзату болмаса, қазақша киініп, қазақша той керек емес. Қыз отбасын қимай жылайды”, “Дәстүр деген ұғым бар және біз оны құрметтеуіміз керек, батысқа еліктеудің қажеті жоқ, ол бізге сәйкес келмейді”, “Ұлттық киім киюдің қажеті жоқ еді, заманауи форматта болса, толықтай солай болуы керек” деп жазды дәстүрдің сақталуын қалаған желі қолданушылары.

Ал жаңа “лепті” қолдағандар былай дейді: “Заман өзгереді! Бұрын олар 13 жасар қызды қарт адамға ұзақтқанда жылап қоштасатын”, “Менің ойымша, бұл да өте әдемі. Көз жасын көрсетпейді. Халықтың көңіл күйін көтеріп, жыламай, қуанып кетті. Бақытты бол!”, “Осы дұрыс сияқты, жылап шығарып салғаннан, енді көрмейтіндей жылайды ғой” , “Маған ұнады, құдды бір өлімге жіберіп жатқандай жылаушы еді әйтпесе” деп жазды олар.

Еске салсақ, бірнеше ай бұрын қазақстандықтарды той көйлегін торт түрінде жасаған қалыңдықтың видеосы таңдандырған еді. Видеода қалыңдық етегіндегі тортты кесіп көрсетеді.

 

 

ТегтерҚыз ұзату