Атырау соты пара алды деп айыпталған Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бас бостандығынан айырды

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Атырау қалалық №2 сотында облыс әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты үкім шықты.
Сот Хаменованы ҚР Қылмыстық кодексінің 366 баптың 3 бөлігінің 2 тармағы (Адамдар тобымен ірі мөлшерде пара алу) бойынша кінәлі деп тапты. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырумен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Балаларының болуына байланысты жазаны өтеу 3 жылға шегерілді. Ол сонымен қоса «Құрмет» орденінен де айырылды.
Атырау облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев осыған ұқсас бап бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол сот залында қамауға алынды.
«Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367-бабының 2-бөлігі (Аса ірі мөлшерде пара беру) бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот шешімінен кейін ол да қамауға алынды.
Бұған дейін прокурор Хаменованы жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Экс-шенеунік пен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Атырауда Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу келісімін жасасу үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді.
