«Қуандыққа сенуге, қызғанбауға, онымен намаз оқуға уәде беремін»: Сотта Бишімбаевтың жеке қойын дәптеріне жазылған Салтанаттың қолхаты оқылды
Өз әйелін өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары Салтанат Нүкенованың күйеуіне уәде берген қолхатын оқып, оны іске дәлел ретінде қоспақ болды. Бұл туралы Altyn-orda.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды
Адвокаттардың мәлімдеуінше, Бишімбаевтың қойын дәптерінде марқұм Салтанаттың тірі кезінде жазған қолхаты бар.
“Мен, Салтанат Нүкенова, енді Қуандыққа сенуге, оны қызғанбауға, өз-өзіммен жұмыс істеп, күйеуімді сыйлауға, психологқа тұрақты түрде баруға, сүйікті, салиқалы жар болуға, Қуандыққа мойынсұнуға, боқтық сөздерді айтпауға, ашуланбауға, түсіністікпен қарап, тыныштықты сақтауға уәде беремін. Менің күдіктерім ақталған жоқ және шындықты білуге мүмкін бергеніне, маған маңызды нәрсені ұсынғанына рахмет. Мен күйеуімді де, өзімді де қинамаймын, махаббатымызға құрметпен, сақтықпен қарап, жұбайыммен бірге намаз оқимын, саналы болуға ұмтылып, үйдің берекесін сақтаймын. Осындай күйеуді берген Аллаға сансыз шүкір”, – делінген адвокат оқыған қолхатта.
Айтуларынша, осы кезде Салтанат қызғанып, хат-хабарларды қағазға шығарып әкелуді сұраған. Бишімбаев соны ұсынғаннан соң ол осындай қолхат жазған. Осы блокноттағы хат арқылы адвокаттар “Қинау” бабын жоққа шығармақ болды.
Алайда судья мұны дәлел ретінде қолдану жөнінде арызды қабылдамай тастады.
“Сонда Салтанат не үшін олай жазды? Әйелінің күйеуіне мұндайды жазғанын бірінші рет көрдім”, – деді судья.
Еске салайық, 4 сәуірде айыпталушы Қуандық Бишімбаев сот алдында жауап берді. Бұған дейін сотта Салтанат Нүкенованы мейрамхананың дәлізінде ұрып-соғып жатқаны түсірілген видео көрсетілген. Бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Бұдан бөлек экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі («Азаптау»), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («Аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов – қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған еді.