«Мектепке балта мен пышақ әкелген»: Петропавлда 9-сынып оқушысы бірнеше баланы жарақаттады

Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ ала келіп, бірнеше оқушыны жарақаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат сайты
Оқыс оқиға бүгін таңертең Петропавлдағы №4 орта мектепте сағат 7.50 шамасында болған. Осы оқу ордасының 9-сынып оқушысы сөмкесіне тығып, өзімен бірге ас үйде қолданылатын пышақ пен балта ала келген.
Ол 3 оқушыны жарақаттады. Қазір екі бала облыстық балалар ауруханасында жатыр. Олар басынан және иығынан жарақат алған. Үшінші балаға оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді.
Қазіргі уақытта №4 орта мектепте полицияның тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.
Ресми емес ақпаратқа сүйенсек, мектепке қаруланып келген бала психиатриялық есепте тұр.
Ал мектепте мамандандырылған күзет қызметі болмаған.
