Өзбекстанда 15 баланың өліміне себеп болуы мүмкін дәрі Қазақстанда сатылмайды — Денсаулық сақтау министрлігі
Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес үнділік «Док-1 Макс» препаратын Marion Biotech Pvt. Ltd компаниясы өндіреді. Елімізде оның тіркелген мерзімі 2018 жылы өтіп кеткен.
«Қазіргі кезде елімізде тіркелмеген. Оның құрамында 500 мг парацетамол, 200 мг гвайфенезин және 10 мг фенилэфрин гидрохлориді бар», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше парацетамолдың салдарынан препарат бүйрек функциясының бұзылуы түрінде жанама әсер береді. Сондықтан бұл дәріні нұсқауда көрсеткен дозада ғана пайдалану керек.
Айта кетейік, Өзбекстанның Самарқан облысында ЖРВИ-ге қарсы үндістандық «Док-1 Макс» дәрісін қабылдаған 15 бала көз жұмғаны туралы хабарлаған едік.