“Зорланған сарбаз”: Істің мән-жайын айтқан қорғаушының басына қара бұлт үйірілді
Жамбыл облысында қаза тапқан сарбаздың денесінен табылған өзге адамдардың биоматериалдары [шәует дақтары] туралы баяндаған құқық қорғаушының өміріне “айтып ауыз жиғанша” қауіп төнді. Ішкі істер министрлігі оған «этиканы бұзды» деп айып тағып, құпия тергеуге алмақшы, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бірнеше күн бұрын мерзімді қызметтегі әскери қызметшіні өз-өзіне қол жұмсау туралы қылмыстық іс бойынша құқық қорғаушы Пралиевтің баспасөз мәслихаты өтті. Дәл сол жерде құқық қорғаушы маман марқұмға үш рет сот-медициналық сараптама жүргізілгенін хабарлады. Оның біреуі Таразда, екеуі Алматыда өткен. Қайтыс болған сарбаздың ауыз қуысында және киімінде өзге ер адамдардың генетикалық биоматериалдары табылғаны белгілі болды.
Жалпақ жұрттың селт еткізген сорақы жаңалықты жариялаған құқық қорғаушының басына қара бұлт үйірілді. Бұл жайлы ҚР ІІМ өкілдері мәлемдеді.
«Пралиев қылмыстық істің деректерін жария етіп, шындыққа сәйкес келмейтін өз тұжырымдарымен толықтырды. Сонымен қатар, ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді», — делінген ҚР ІІМ хабарламасында.
Күні кеше қоғам белсендісі, қазақтың аяулы қызы, ұлт жанашыры Кәмшат Тасболат осы жағдайға қатысты төмендегідей жазба жариялаған еді.
— Енді қоғамды дүр сілкіндірген жағдайды жария еткен адвокатқа қысым жасалып жатыр екен. Бұл жерде адвокаттың сөзі рас па, жоқ па, оны анықтаудың бір-ақ жолы бар: сол әскери бөлімде суицид тіркелген кезде қызмет еткендердің, әскери борыш өтегендердің биоматериалдарын алып, зерттеу жүргізу. Бірақ адвокаттың өзі “бұған рұқсат берілмей отырғанын” айтып журналистерге арқа сүйеуге мәжбүр болған жоқ па? Әскерилер неден қорқып отыр? Шын Әділетті Қазақстан орнайтын болса, бір күнде елдің шашын ағартып, еңсесін түсірген іс бойынша әділ тергеу жүргізілуі керек. Қылмыстың өтеуі — жаза! Жазаланбаса, қылмыс көбейеді. Қылмысқа төзуге болмайды. Экс-депутаттар бұл іске үн қосса дейміз. Сот ашық және жариялы өтуі тиіс. Азғындықты тыю керек, — деді автор адам бойындағы ең ізгі қасиеттер Ар мен Ұятты алға тартып.
Дегенмен қылмыстық қудалау органдары адвокатты кәсіби этика нормаларын бұзды деп айыптайды және қызметтік тергеу жүргізуді сұраған. Қазірде олардың өтініші ҚР Әділет министрлігіне жолданды.