«Балалары болмаған соң бермеген»: Семей орманындағы өрттен қаза тапқан жігіттің анасы әлі жәрдемақы алмағанын айтып, шағымданды
Абай облысында Семей орманы аумағындағы алапат өрттен қаза тапқан Серікжан Тоқтасынның ата-анасы әлі күнге дейін жәрдемақы алмаған. Орманшының туыстарына шенеуніктер марқұмның кәмелетке толмаған балалары болмаған соң қаржылай көмек көрсетілмеді деген екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бір жарым жыл бұрын жалғыз ұлынан айырылған ана шенеуніктердің бұл сөзімен келіспейтінін жеткізді.
“Президент келген кезде айтып кетті. Барлық көмек, өмірден өткен мына орманшылардың барлық отбасына көмек көрсетілсін деді. Міне, содан бері әлі ешқандай жәрдемақы алғанымыз жоқ. Бір жарым жыл болды”, – деді марқұмның анасы Дәмелі Байбазарова.
Жалғыз ұлы – орманды өрттен қорғаймын деп аттанған 14 адамның бірі. Серікжан Тоқтасын орманшы болған, үйленбеген. Жасы биыл 28-ге толар еді.
«Семей орманы» резерваты өкілдерінің мәліметінше, табиғи апаттан көз жұмған алты қызметкердің жанұясы ғана жәрдемақы алыпты. Себебі қаржылай көмектің берілу мәселесін заң аясында тек сот шешеді екен.
“Бірінші жәрдемақы сот шешімінің аясында ғана тағайындалады, яғни азаматтық кодекстің 140-бабының талаптарына сай, қаза болған адамның отбасында мүгедек болса, сонымен қатар зейнетке шыққан ата-анасы немесе жұмыс істемейтін жасөспірімдер, оқудағы жасөспірімдер және де осы қаза болған адамның асырауында болған адамдар ғана жәрдемақы ала алады”, – деді “Семей-Орманы” МОТР республикалық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Роллан Тоқтаров.
Еске салайық, 2023 жылы 9 маусымда Абай ауданында 30 мың гектарға жуық аумақты шарпыған өрт шыққаны белгілі болды. Салдарынан «Семей орманы» табиғи резерватында болған ірі өрт салдарынан орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.