1,2 миллиард теңге ұрлаған: Алмасбек Садырбай алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды
Қаржы мониторингі Алматы облысында «Шаңырақ» бірлестігінің жетекшісі Алмасбек Садырбай ұсталғанын мәлімдеді. Ол мемлекеттен субсидия алатын жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін басқарған. Келтірілген шығын көлемі 1,2 миллиард теңгеден асады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, ол өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деп күдікке ілінді.
Негізгі мақсат – ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу. Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылған.
«Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды. Осылайша 1,2 миллиард теңгеден астам қаражат ұрланған», – делінген хабарламада.
Алмасбек Садырбайдың сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында отыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына (Жерге заттай құқықтарды бұзу) сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.
Еске салайық, бұған дейін Оралда қалалық соттың төрағасы Руслан Жұмағұлов пара алып жатқан жерінен ұсталғанын жаздық. Сотталушыға қатысты оң шешім шығару үшін сот төрағасы 1,5 миллион теңге пара алған. Руслан Жұмағұловпен бірге тағы екі адвокат ұсталды.