Қырғызстанда той мен жерлеу рәсімдеріндегі ысырапшылдыққа тыйым салынбақ

Қырғызстанда жоғарғы кеңес депутаттары Замирбек Мамасадықов пен Шайырбек Ташиев «салтанаттар, мерекелер мен салт-дәстүрлер кезіндегі ысырапшылдықты шектеу туралы» заң жобасын дайындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Құжат қоғамдық талқылауға шығарылды.

«Соңғы жылдары халықтың төл әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне сай келмейтін мерекелер мен жерлеу рәсімдерін өткізуге байланысты отбасы қаржысына елеулі зиян келтіретін келеңсіз құбылыстар көбейіп кетті. Бұрын мұндай іс-шаралар халықтан бата алу үшін өткізілген еді. Қазіргі уақытта басты назар материалдық жағына ауысты. Мәселен, қонақтар қанша әкеледі? Мен олардың тойына көп ақша жұмсадым ғой. Ал олар маған сол соманы әкеле ме? Жиналған ақша шығындарды жаба ма, деген сауалдар мазалайды. Мұның бәрі қажетсіз бәсекелестікке негіз болады. Көбінесе отбасылар мұндай шараларды өткізу үшін несие алады. Оның салдары ауыр зардаптарға, соның ішінде ажырасуға әкеледі», – делінген құжатта. 

Депутаттар рәсімдерді өткізу тәртібін анықтауды ұсынды. Олардың сөзінше, марқұмды жерлеуге қатысушылардың санын шектемеу керек. Сонымен бірге рәсімге ұсақ мал, жылқы, ірі қара малды союға жол бермеген жөн. Жерлеу рәсімінен үш күн өткен соң ғана бір жылқы немесе ірі қара мал сойып, еске алу кешін өткізуге болады дейді.

Депутаттар үш күндік, жеті күндік, қырық күндік (қырқы), жүз күндік, жылдық асы және осыған ұқсас іс-шараларды өткізуге тыйым салуды ұсынды. 

Тойды бір ірі қара немесе бір жылқы сойып, 250 адамнан аспайтындай етіп өткізу  керек дейді. 

“Қыз ұзату тойына бір ірі қара немесе бір жылқы сойылып, 100-ден аспайтын адам қатысады. Ал үйлену тойы мен қыз ұзату бірге өткен жағдайда 350-ден аспайтын қонақ шақырылып, бір ірі қара немесе бір жылқы союға рұқсат етіледі. Жас жұбайлардың үйлену тойына байланысты мерекелер үш көліктен аспағаны жөн. Оларды жүзеге асыру кезінде қосымша қажетсіз шығындар жұмсауға тыйым салынады”, – делінген құжатта. 

Сондай-ақ депутаттар қажылыққа немесе умраға баратын зияратшыларды шығарып салу және қарсы алу рәсімдерін отбасылық ортада өткізуді ұсынды. 

“Қажылыққа аттанатын қажыларды шығарып салу және қарсы алу рәсімін жасауға тыйым салынады. Құқық бұзушылық туралы кодекс осы заңның ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік белгілейді. Сондай-ақ отбасылық мерекелер мен әдет-ғұрыптарды ұйымдастыру және өткізу үшін жеке тұлғаға (мереке иесіне) 3 мың есептік көрсеткіш (300 мың сом), заңды тұлғаға 1 мың есептік көрсеткіш мөлшерінде (100 мың сом) айыппұл салу арқылы жазалау ұсынылады”, – делінген құжатта. 

Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров дін тарату үшін үй-үйді аралап, қоғамдық орындарда никаб киюге тыйым салатын заңға қол қойған еді.