Тілді түлеткен тұлғалар: Қазақ тілінің дамуына үлестерін қосқан 10 жан

Қазақ тілі бүгінде жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол – мәдени жаңғыру мен мақтаныштың нышаны. Жасы, мамандығы немесе ұлтына қарамастан, көптеген қазақстандықтар қазақ тілін саналы түрде күнделікті тіл, шығармашылық және өзін-өзі білдіру тілі ретінде таңдауда.
Біз мемлекеттік тілді насихаттап, үлгісімен өзгелерді шабыттандырып жүрген он жарқын тұлғаны ұсынамыз, деп хабарлайды Altyn-orda.kz weproject.media сайтына сілтеме жасап.
Раиса Сайран Қадыр (@raisa_kader)
Steppe & World баспасының негізін қалаушы. Ол қазақтілді оқырманға әлем әдебиетінің жауһарларын ұсынуда. Оның бастамасының арқасында классика ана тілінде қолжетімді бола бастады.
Айгерім Исатаева (@aigerimfit)
Qonzhyq App қосымшасының авторы. Бұл бағдарлама қазақ тілін үйренуді ұлттық фольклормен сабақтастырып, тіл арқылы мәдени мұраны қайта жаңғыртуға сеп болуда.
Рауан Кенжеханұлы (@rauan_kenzhekhan)
QAZAQ TILI қоғамдық ұйымының жетекшісі. Ол Google Translate-ке қазақ тілін енгізуге атсалысты. Оның жұмысы жергілікті бастамалармен қатар жаһандық цифрлық платформаларды да қамтиды.
Димаш Құдайберген (@kudaibergenov.dimash)
Әлемге әйгілі әнші. Қазақ тілінде әлемдік сахналарда ән шырқай отырып, ана тілдің әмбебап әрі әсерлі бола алатынын дәлелдеуде.
Азат Шәуеев (@soyle.kz)
Soyle.kz — қазақ тілін үйренуге арналған ең ірі онлайн-платформалардың бірінің негізін қалаушы. Бұл ресурс тек қазақстандықтар емес, шетелдіктер үшін де тілді меңгеруге жол ашады.
Вадим Голенко (@vadim_skrewball)
«Моана 2», «Арыстан патша» сынды әлемдік фильмдерді қазақ тіліне сапалы дубляж жасаған продюсер. Оның арқасында қазақ тілі кино әлемінде лайықты орын алып келеді.
Алина Кан (@_alina.kan)
Қоғам қайраткері, оқытушы, «Шапағат» президенттік медалінің иегері. Алина жастарды да, ересектерді де қазақ тілін үйренуге шабыттандыруда.
Қанат Тасыбеков (@kanat_tassibekov)
«Ситуациялық қазақ тілі» кітабының авторы. Мыңдаған адамға нақты өмірлік жағдайларда тілді меңгеруге көмектесті. Оның үлгісі — тіл үйренуге ешқашан кеш емес екенін көрсетеді.
Ерболат Беделхан (@yb.juzent)
Ninety One тобының негізін қалаған музыкалық продюсер. Қазақ тіліндегі поп-мәдениетке деген қызығушылықты арттырып, жаңа леп әкелді.
Алексей Лодочников (@lodochnikov_official_page)
Қазақ тілінде еркін сөйлейтін, домбыра тартып, әзілмен тіл, мәдениет және саяхат жайлы айтып жүретін блогер. Ол қазақ тілін бала кезден білмесе де, оны жүрегімен сүйе алатынын дәлелдеуде.
Бұл тұлғалар — қазақ тілінің бүгіні мен болашағына сенетін, оны заманауи, тартымды әрі қолжетімді ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар.
