Абай облысында көптен күткен жаңа мектептің құрылысы басталды

Абай облысында жаңа мектептің құрылысы басталды: ауыл үшін көптен күткен жоба

Абай облысы Жарма ауданына қарасты Суықбұлақ ауылында жаңа мектептің құрылысы басталды, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

Бұл – жергілікті тұрғындар 2011 жылдан бері күткен маңызды оқиға.

1964 жылы балабақша ретінде салынған ескі ғимарат апатты деп танылған. Онда спорт залы, кітапхана, медпункт болмаған, ал кейбір оқушылар күн сайын көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр болған.

Бүгін, 19 маусым күні, облыс әкімі Берік Уәли жаңа мектептің іргетасын қалады. Ол өңірде апатты мектептер мәселесі біртіндеп шешіліп жатқанын атап өтті – бүгінде Абай облысында мұндай үш мектеп қана қалған. Жаңа мектепті Суықбұлақ ауылының тумалары өз күштерімен салады.

— «Бұл бастауыш мектеп елге еңбек сіңіретін дара тұлғалар өсіп шығатын орын болсын», — деді өңір басшысы.

Жаңа мектеп:

  • 100 оқушыға арналған;

  • Жалпы аумағы — 1600 шаршы метр, жер телімі — 1 гектар;

  • 12 оқу кабинеті мен жеке спорт блогы бар екі қабатты ғимарат;

  • Мектеп аумағында футбол, волейбол, баскетбол және гимнастика алаңдары болады.

Жергілікті тұрғындар бірнеше жыл бойы шешілмеген мәселенің әкімнің сапарынан кейін үш ай ішінде қолға алынғанына алғыстарын білдірді. Жаңа мектеп ауыл балалары үшін оқу жағдайларын жақсартып, өңір дамуына серпін беретін маңызды қадам болмақ.

Altyn-orda.kz