Әзербайжанда орыс мектептері жабылады деген ақпарат тарады

Әзербайжанда орыс мектептерінің жабылатыны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Oxu.Az-ға сілтеп.

Бірқатар ата-аналар WhatsApp чаттарында орыс тілінде білім беретін мектептердің жабылатыны туралы хабар алғандарын айтқан.

Басылымның мәліметінше, орыс мектептері кезең-кезеңімен жабылады деген болжам жасалған.

Бұл шешім Әзербайжан тілінің білім беру жүйесінде негізгі тіл ретіндегі орнын нығайту және барлық азаматтарды ортақ білім беру кеңістігіне біріктіру мақсатында қабылданды деп көрсетілген.

Жоспар бойынша, алдағы үш жылда орыс мектептері біртіндеп әзербайжан тіліне көшіріледі, ал мұғалімдерге қайта даярлау курстары ұйымдастырылады.

Алайда Әзербайжанның ғылым және білім министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Министрлік РИА Новости агенттігіне берген түсініктемесінде:

«Бұл жалған ақпарат. Мұндай мәліметтер таратылған жағдайда тек ресми дереккөздерге сүйену керек», – деп мәлімдеді.

Бұған дейін Oxu.Az және РБК дереккөздері Әзербайжанда орыс мектептерін үш жыл ішінде жабу жоспарланғанын хабарлаған еді. Әлеуметтік желілерде ата-аналар мектептердегі чаттар арқылы ресми хабарлама алғандарын айтқан.

Сарапшылар бұл жағдайды Әзербайжан мен Ресей арасындағы соңғы кезеңдегі шиеленіске байланысты деп отыр.