Төреғали Төреәлі: «Жолдан тайған кезім болды, енді мүлде басқа адам болып оралып жатырмын»

Белгілі қазақстандық әнші Төреғали Төреәлі өміріндегі қиын кезең туралы ашық мәлімдеп, шығармашылық жолын қайта бастағанын жариялады.

Instagram парақшасында жариялаған жазбасында ол халықтан кешірім сұрап, жасаған қателіктерін мойындап, бәрін жаңадан бастайтынын айтты, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.

«Бір кездері жолдан тайған кездерім болды. Қателестім. Адамдардың көңіліне тидім. Біреулердің үмітін ақтай алмадым. Осы үшін шын жүректен кешірім сұраймын», – деп жазды Төреәлі.

Әнші отбасымен бірге Астанаға қоныс аударып, бұрын үлкен жетістіктерге бірге жеткен продюсер Жан Мұқановпен қайтадан жұмыс бастағанын хабарлады.

«Мен өнерден кеткен жоқпын. Өнер – менің тынысым. Мен елімнің лайықты азаматы, жастарға үлгі болғым келеді», – деді Төреғали.

Продюсер Жан Мұқанов олардың арада алғаш рет ресми келісімшартқа қол қойғанын растады.

«Біз бұл жолды ол 22 жасында бастадық. Қазір ол – 32-де, алты баланың әкесі. Екеуміз де көп нәрсе көрдік. Енді бәрі – басқаша болады. Мен қайтадан оның продюсерімін», – деді Мұқанов.

Сондай-ақ ол жұртшылыққа үндеу жасап, әр адам екінші мүмкіндікке лайық екенін айтты.

«Сын айту оңай. Қолдау көрсету – қиын. Бірақ нағыз батырлық – дәл осы жерде көрінеді. Біз мінсіз емеспіз, бірақ шынайымыз», – деді ол.

Бұған дейін әнші әлеуметтік желіде алаңдаушылық тудырған жұмбақ жазбалар қалдырған болатын. Көктемде ол концерттерін тоқтатып, Түркияда ем қабылдаған. Сонымен қатар, Төреәлі бірнеше даулы жағдайға да тап болған: 2023 жылы есірткілік мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған, ал 2025 жылдың маусым айында жеке кеште жанжал шығарған .

Енді, Төреғали Төреәлідің өзі айтқандай, ол тыңдармандарына өзгеріп өзін басқа қырынан көрсеткісі келетінін айтқан  

Altyn-orda.kz