Трамп Қазақстаннан келетін барлық тауарларға 25% баж салығын енгізді

АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан АҚШ-қа импортталатын барлық тауарларға 25 пайыздық кедендік баж салығы салынатынын жариялады, деп хабарлайды Altyn-orda.kz.
Бұл туралы америкалық көшбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған ресми хатында мәлімдеді. Хаттың толық нұсқасы Truth Social платформасында жарияланды.
«2025 жылғы 1 тамыздан бастап АҚШ Қазақстаннан келетін барлық тауарларға, саласына қарамастан, 25 пайыз баж салығын енгізеді.
Бұл шешім сауда теңгерімсіздігін жою және ұлттық экономиканы қорғау мақсатында қабылданды», — делінген хатта.
Трамп бұл шешім тек Қазақстаннан импортталатын тауарларға қатысты екенін, ал АҚШ-та өндірілетін өнімдерге мұндай салық қолданылмайтынын нақтылады. Сонымен қатар, егер Қазақстан жауап ретінде симметриялы шаралар қабылдайтын болса, қолданыстағы 25 пайыздық мөлшерге қосымша пайыздар қосылатынын ескертті.
АҚШ президенті Қазақстанмен сауда теңгерімсіздігі АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін айтты, дегенмен екі ел арасындағы «берік екіжақты қарым-қатынастарды» атап өтті.
Қазақстан — Орталық Азиядағы жоғары тарифтік тізімге енген жалғыз мемлекет. 1 тамыздан бастап осындай баж салығы Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия және басқа да елдерге де қолданылатын болады. Кейбір жағдайларда тариф мөлшері 40 пайызға дейін жетеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, сәуір айында талқыланған 27 пайыздық тарифтің өзі Қазақстанның АҚШ-қа экспортының 5 пайызына ғана әсер етер еді, бұл шамамен 100 миллион долларды құрайды.
Altyn-orda.kz
