Ресейде WhatsApp пен Telegram қоңырауларына тыйым салынбақ

Ресейде желі қолданушылары WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде дауыс арқылы қоңырау шалу кезінде кедергілерге тап болды. БАҚ мәліметінше, шектеулер бұл функцияны біртіндеп бұғаттаумен байланысты болуы мүмкін. Бұл туралы Altyn-orda.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Шетелдік БАҚ мәліметінше, WhatsApp пен Telegram-нан қоңырау шалу қиындай түскен. Әсіресе мобильді интернетті пайдаланған кезде байланысқа шығу күрделенген. Тек Wi-Fi арқылы қосылғанда байланыс сапасы жақсарады екен.
Downdetector сервисінің статистикасына сәйкес, бірнеше күн бұрын Telegram жұмысына қатысты 7 500-ден астам, ал WhatsApp бойынша 3 300-ден астам пайдаланушы шағымданған. Компания өкілдерінен әзірге ресми түсініктеме берілмеген.
Бейресми деректер мен нұсқалар
Расталмаған мәліметтерге сәйкес, Ресейдің ірі байланыс операторлары — МТС, Билайн, Мегафон және Т2 шетелдік мессенджерлердегі қоңырауларға шектеу қоюды сұраған болуы мүмкін. Бұл шара инфрақұрылымды қолдау мақсатында қосымша табыс көзін қамтамасыз ету және интернет жылдамдығының төмендеуіне жол бермеу үшін қабылданған екен.
Кровавая барына Telegram-арнасының мәліметінше, WhatsApp пен Telegram арқылы қоңырау шалуға тыйым салу туралы шешім жоғары деңгейде қабылданып қойған. Бұл бастаманы “үлкен төрттік” операторлары мамыр айының соңында өткен байланыс саласын дамытуға арналған стратегиялық сессияда көтерген.
Шара барысында операторлар қолданыстағы инфрақұрылымды ұстап тұру үшін қосымша табыс қажет екенін мәлімдеген. Олардың дерегінше, санкциялар салдарынан базалық станциялардың қымбаттауы және мобильді интернет трафигінің күрт өсуі желілердің даму қарқынын төмендетеді деп болжанған. Соның салдарынан, әсіресе мегаполистерде интернет жылдамдығы төмендеуі мүмкін. Алайда абоненттер үшін тарифті бірнеше есе көтеру сценарийін монополияға қарсы қызмет қолдамаған.
Сонымен қатар, операторлар киберқылмыскерлер трафигін өткізу салдарынан келетін залалға қаржылай өтемақы енгізу жоспарларына алаңдаушылық білдірген. Дереккөздің айтуынша, маусым–шілде айларында Цифрлық даму министрлігінде өткен жиындарда операторлар БАӘ-дегідей мессенджерлердегі дауыстық қоңырауларды бұғаттау ұсынысын қолдаған.
Олардың пікірінше, бұл үш мәселені шешеді:
– Мессенджерлерден трафикті қайтадан дәстүрлі дауыс қоңырауларына қайтарып, олардың табысын арттыруға ықпал етеді;
– Киберқылмыстардың алдын алады, өйткені олардың басым бөлігі WhatsApp пен Telegram арқылы жасалады;
– Құқық қорғау органдарының негізгі шағымдарын жойып, бұл мессенджерлердің толық бұғатталу қаупін азайтады.
Байланыс операторларының мәліметінше, бұл ұсынысты Цифрлық даму министрлігі қолдамаған, бірақ талқылау жалғасып жатыр.
Фото: infolada.ru
