Ташкенттегі саммит: Тоқаев аймақтық интеграцияның жаңа бағытын ұсынды

Ташкентте өткен Орталық Азия және Әзербайжан жетекшілерінің консультативтік кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар интеграциялық бастамалар көтерді. Атап айтқанда, ортақ көлік стратегиясын әзірлеу, су саясатын үйлестіру және жүктерді электронды сүйемелдеу жүйесін енгізу ұсынылды деп хабарлайды Altyn-orda.kz
Президент сондай-ақ жасанды интеллектті жауапты қолдану жөнінде декларация қабылдауды және сирек жер металдары бойынша өңірлік орталық құруды ұсынды. Кездесудің жаңа ерекшелігі – Әзербайжанның ресми түрде форматқа қосылуы.
Өзбекстандық саясаттанушы Фарход Толиповтың пікірінше, Орталық Азия халықаралық саясатта дербес күшке айналып келеді. Сарапшы аймақтың біртұтас саяси-экономикалық блок ретінде қабылдануы артып отырғанын атап өтті.
Оның сөзінше, Әзербайжанның қатысуы тарихи және көлік-коммуникациялық байланыстар тұрғысынан табиғи қадам. Бакудің халықаралық аренадағы белсенділігі өңір елдерімен өзара тәуелділікті күшейтеді.
Саммит аясында Қазақстан мен Өзбекстан жалпы құны 1,2 млрд доллар болатын жеті бірлескен жобаны іске қосты. Толипов бұл екі елдің аймақтық интеграцияның негізгі қозғаушы күштері екенін айтты.










