Астанадағы құрылыс алаңында үш жұмысшы бесінші қабаттан құлап түсті

Астанадағы Attila тұрғын үй кешені құрылыс алаңында қайғылы жағдай тіркелді. 18 қарашада үш жұмысшы шамамен бесінші қабат биіктігінен құрылыс люлькасымен бірге құлап түсті. Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланды деп хабарлайды Altyn-orda.kz

Зардап шеккендер бірден ауыр халде қалалық ауруханаға жеткізілген.

Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақтандыру үшін жедел медициналық көмек көрсетуде.

Астана қалалық полиция департаменті аталған фактіге қатысты құрылыс барысында қауіпсіздік талаптарын бұзу бабымен қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

«Құлау салдарынан үш ер адам жарақат алды. Олар дереу медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Құзырлы органдар оқиғаның нақты себептерін анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындап, мердігер ұйымның қауіпсіздік шараларын сақтау-сақтамауын тексеруде.