Маңғыстаулық оқушылар Италиядағы халықаралық робототехника чемпионатында жүлдегер атанды

Маңғыстау облысының оқушылары 23 қарашада Италияда аяқталған Fibonacci International Robot Olympiad халықаралық чемпионатында жүлдегерлер қатарына кірді. Бұл туралы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады деп жазады Altyn-orda.kz

21–23 қараша аралығында Рим қаласында өткен жарысқа Қазақстан, Италия, Финляндия, Румыния, Германия, Испания, Дания, Норвегия, Швеция, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Филиппиннен келген дарынды қатысушылар жиналды.

Маңғыстаудан барған команда жоғары нәтижелер көрсетіп, толық медаль жиынтығын жеңіп алды.

Жаңаөзен қаласындағы «Жаңа толқын» мектеп-лицейінің 5-сынып оқушылары — Зинулла Абдул Мансур мен Акмурад Алдияр — Line Following санатында чемпион атанып, Lego Sumo бойынша үшінші орынға ие болды. Команда жетекшісі, №23 мектептің информатика пәні мұғалімі Мухит Алибек те көзге түсіп, Line Following санатында ұстаздар арасындағы жарыста күміс медаль иеленді.

— Бұл жетістік өңіріміздің мұғалімдері мен оқушылары халықаралық жарыстарда лайықты деңгейде өнер көрсете алатынын тағы бір дәлелдеді. Жеңімпаздарды құттықтаймыз! — деп атап өтті білім басқармасы.

Бұған дейін Маңғыстау облысының оқушылары республикалық өнер байқауында жеңімпаз атанғаны хабарланған еді.