Астаналық блогер ерекше балаларға қатысты даулы видео үшін ұсталды

Астанада ерекше білім беруді қажет ететін балалар туралы даулы видео жариялаған блогер ұсталды. Бұл ақпаратты қала полициясы растады. Тергеу мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған ролик қоғамда үлкен резонанс тудырып, ата-аналар мен құқық қорғаушылардың қарсылығына себеп болған деп хабарлайды Altyn-orda.kz
Видео авторы балалардың құқығын бұзатын, кемсітушілік сипаттағы пікір білдіргені үшін жауапқа тартылуда. Полиция оның әрекеті ҚР заңнамасына сәйкес «қоғамдық тәртіпті бұзу» және «адамның ар-намысына қол сұғу» баптары бойынша тексеріліп жатқанын хабарлады.
Қазіргі уақытта блогер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сараптама тағайындалып, роликтің мазмұны мен оның қоғамға ықпалы зерттелуде. Тергеу нәтижелері бойынша қосымша процессуалдық шешім қабылданады.
Оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көптеген қолданушылар ерекше балалардың құқығын қорғауды күшейтуді талап етуде. Педагогтар мен құқық қорғаушылар да мұндай контенттің қоғамда өшпенділік пен түсінбеушілік тудыру қаупі бар екенін айтты.
Полиция азаматтарды желіде ақпарат таратқанда жауапкершілікті сезінуге және этиканы сақтауға шақырды.










