« Құлап бара жатып әке деп айқайлаған » : Мәскеу маңындағы мектептегі 10 жастағы оқушының көз жұмарда айтқан сөзі

16 желтоқсанда Мәскеу маңындағы Одинцово округіне қарасты Горки-2 кентіндегі Успенская мектебінде қайғылы оқиға болды. Қолында пышағы бар жасөспірім оқушыларға шабуыл жасап, 4-сыныпта оқитын 10 жастағы Қабилжон Әлиев қаза тапты деп хабарлайды  Altyn-orda.kz 

Pamirinside.org ке сілтеме жасай отырып хабарлайды 

Куәгерлердің айтуынша, шабуыл кезінде жасөспірім балалардан ұлтын сұраған. Қабилжон мұғалімнен балаларды сыныпқа алып кетуін өтініп, өзі шабуылдаушының назарын басқа жаққа аударуға тырысқан. Алайда сүрініп құлап, бірнеше рет пышақ жарақатын алған. Соңғы сәтінде ол «Әке!» деп айқайлаған.

Қабилжон — Тәжікстаннан шыққан отбасының баласы. Әкесі үш жыл бұрын қайтыс болған, анасы сол мектепте тазалықшы болып жұмыс істеген. Отбасы Ресейде шамамен төрт жыл тұрған, ал қаза тапқан баланың келесі күні Тәжікстанға қайтуы жоспарланған еді. Бүгін ол туған жерінде жерленеді.

Тәжікстан билігі бұл қылмысты ұлттық өшпенділік актісі деп бағалап, Ресейге ресми нота жолдап, жедел әрі бейтарап тергеу жүргізуді талап етті. Душанбе қаласына Ресей елшісі шақырылды. Тәжікстан ІІМ жастар арасындағы ксенофобия мен радикализмнің күшеюіне алаңдаушылық білдірді.

Ресей Тергеу комитеті қылмыстық іс қозғап, шабуылдың ұлттық араздық негізінде жасалуы мүмкін деген нұсқаны тексеріп жатыр. БАҚ дерегінше, ұсталған жасөспірім экстремистік көзқарастарды ұстанған және шабуылға алдын ала дайындалған. Тергеу жалғасуда.