Бұрынғы депутат 2,6 млрд теңге субсидияны жымқырып ,170 миллионды казинода шашқан деген күдікке ілінді

Алматы облысында агроөнеркәсіп саласына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп аяқталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, негізгі күдікті — Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты.

Тергеу деректеріне қарағанда, ол 2018–2022 жылдары таңқурай көшеттерін жеткізуге қатысты жалған құжаттар арқылы мемлекеттен заңсыз субсидия алған.

Құжат жүзінде шаруашылықтарға көшет жеткізілгені көрсетілгенімен, іс жүзінде мұндай көлемде өнім берілмеген. Кейбір шаруашылықтардың өндірістік ауқымда таңқурай өсіруге мүмкіндігі де болмағаны анықталған.

Осы схема арқылы бюджеттен 2,6 миллиард теңгеден астам қаржы заңсыз алынған. Тергеу мәліметінше, оның бір бөлігі қор нарығындағы операцияларға жұмсалған. Ал 170 миллион теңгеге жуық қаражат Қонаев қаласындағы казинода жұмсалған.

Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, оның ішінде пәтерлерге, көліктерге, жеке үйге және бағалы қағаздарға тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Бұл оқиға ауыл шаруашылығына бөлінетін мемлекеттік субсидиялардың қалай игеріліп жатқанын қатаң бақылау қажеттігін тағы бір көрсетті.