Әншілер Тамара Асар мен Аша Матай депутаттыққа түсті

Қазақстан халық партиясы Құрылтай депутаттығына 72 кандидатты ұсынды. Олардың қатарында депутаттар, өнер иелері, дәрігерлер, кәсіпкерлер, заңгерлер мен қоғам қайраткерлері бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Партияның XXV кезектен тыс съезінде Құрылтай депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі таныстырылды.

Тізімге партия төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова, Қазақстанның халық әртісі Тамара Асар, актриса әрі тележүргізуші, көпшілікке Аша Матай лақап атымен танымал Ақбота Асқарбекова, сондай-ақ бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева енген.

 
 

Съезде 20 жыл бұрын партияның Мәжіліс сайлауындағы тізімінде 20 кандидат болғаны, ал қазір үміткерлер саны 72 адамға жеткені айтылды.

“Бұл тізімдегі әрбір есімнің артында еңбек пен тәжірибе тұр. Кандидаттардың орташа жасы – 45. Мұнда аға буынның тәжірибесі жаңа көзқарастың серпінімен ұштасып жатыр. 12%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар, 24%-ы – әйелдер. Тізімде алты ұлттың өкілі бар: қазақтар, орыстар, ұйғырлар, кәрістер, татарлар және грузиндер. Қаласаңыз, мұны Қазақстанның шағын үлгісі деуге болады”, – деді Ислам Сұңқар.

Сондай-ақ съезде қорытынды тізімді жасақтау үшін 500-ден астам адаммен жұмыс жүргізілгені айтылды. Олардың бәрі бірдей тізімге енбегенімен, партия өкілдерінің сөзінше, бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді.

“Әншілер жетпей тұр еді”

Алайда желідегі жұрт өнер иелерінің депутаттыққа түскенін жылы қабылдай қоймады. Қазақстандықтар шоу-бизнес өкілдерінің депутат болуына наразылықтарын білдіріп, түрлі пікір қалдырып жатыр.

“Әншілер жетпей тұр еді”, “Қалаулымнан Құрылтайға жол. Сөзім жоқ”, “Заңды білмейді. Осы әртіс пен спортшылар депутат болып бірнәрсені қатырады ма?”, “Әркім өз мамандығы бойынша қызмет етсе жақсы болатын еді”, – деп жазған олар.

Бұған қоса, журналистер әнші Аша Матайдан не үшін депутат болғысы келетінін сұраған. Өнер иесі бұл сұраққа “Жүрек қалауым” деп жауап берген. 

“Әр адам өзі біледі ғой. Өзім қаладым. Жүрегімнің қалауы болды”, – деді ол.

Еске салайық, Құрылтай депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызда өтеді. Жаңа бір палаталы парламент жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін, Сенат пен Мәжіліс таратылған соң жасақталады.

Құрылтай құрамына 145 депутат кіреді. Олар пропорционалды жүйе негізінде партиялық тізімдер бойынша сайланады.