Өзбекстан Әзербайжанмен бірлескен флот құруды жоспарлап отыр

Өзбекстан Каспий теңізінде Әзербайжанмен бірлескен флот құруды жоспарлап отыр. Бұл бастама екі ел арасындағы көлік-логистика байланысын күшейтіп, Орталық Азия мен Кавказды жалғайтын бағыттардың маңызын арттыруы мүмкін деп хабарлпйды  Altyn-orda.kz

Өзбекстан инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Хуррам Тешабаевтың айтуынша, Ташкент Uztemiryulkargo компаниясы мен Azerbaijan Caspian Shipping Company арасында бірлескен кәсіпорын құруды көздеп отыр. Бұл құрылым Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын дамытуға бағытталады.

Жоба әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни Орта дәліз үшін маңызды.

Бұл бағыт Қытай мен Орталық Азиядан басталып, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы Еуропаға шығуға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайда мұндай балама бағыттардың рөлі артып келеді.

Өзбекстан теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекет болғандықтан, Каспийдегі көлік инфрақұрылымына қатысу ел үшін стратегиялық маңызға ие. Бірлескен флот Өзбекстанға жүктерді Әзербайжан порттары арқылы әрі қарай Еуропа мен Түркия бағытына шығаруға жол ашады.

Бұған дейін де Өзбекстан Каспий маңындағы елдермен жүк тасымалын кеңейту мәселесін талқылап келген. The Times of Central Asia басылымы Өзбекстанның болашақ жүк флотын Қазақстан немесе Түрікменстан порттарында орналастыру мүмкіндігін қарастырғанын жазған.

Осылайша, Өзбекстан мен Әзербайжанның бірлескен флоты тек екі елдің жобасы ғана емес, бүкіл аймақтық логистикаға әсер етуі мүмкін. Егер жоспар іске асса, Орта дәліздің өткізу қабілеті артып, Орталық Азия елдерінің Еуропа нарығына шығу мүмкіндігі кеңейеді.