Ақтөбедегі әскери бөлімде бір сыныптың 6 түлегі Отан алдындағы борышын өтеп жүр (фото)

Ақтөбе қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінде бір сыныптың 6 түлегі Отан алдындағы борышын өтеп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Олар: Дархан, Жасұлан, Бақдәулет Қайратұлы, Бақдәулет Әділбекұлы, Бекзат және Саят.

Сарбаздар
Сарбаздар. Фото: instagram.com/ulttyq_ulan_batys

Мектепте бірге білім алып, бірге ержеткен жігіттер әскери борышты да бірге өтеуге уағдаласып, бүгінде Ұлттық ұлан сапында қатар қызметке кіріскен.

Ал ант қабылдау рәсімінде алты сарбаздың аналары ерекше қолдау көрсеткен. Олар салтанатты рәсімге арнайы бірдей ақ жейде киіп келген. Жейделерге “Алты ана – бір жүрек, алты сарбаз – ел тірегі” деген жүрекжарды сөзді жаздырған.

Сарбаздар аналарымен
Сарбаздар аналарымен. Фото: instagram.com/ulttyq_ulan_batys

“Біздің ұлдарымыз бала күнінен бірге өсіп, бір сыныпта оқыды. Мектепті аяқтай салысымен әскерге бірге барамыз деп шешім қабылдады. Біз, ата-аналар, олардың бұл таңдауына қолдау көрсеттік. Міне, бүгін Ұлттық ұлан қатарында қасиетті Әскери ант қабылдап тұрғандарын көріп, ерекше толқып тұрмыз. Бұл – әрбір ана үшін зор мақтаныш”, – дейді сарбаздардың бірінің анасы Ақбаян Сапарбекқызы.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте бір сыныптың 12 түлегі әскери борышын бірге өтеп жатқанын жазған едік.