Алаяқтар зейнеткерлерді екі рет алдап, Павлодардағы банкте жарылыс жасатқызды

Павлодарда телефон алаяқтарының арбауына түскен екі зейнеткер банк бөлімшесіне ішінде петарда жасырылған торт алып кіріп, оны тұтатқан. Оқиға 15 шілде күні шамамен сағат 16:00-де болған деп хабарлайды Altyn-orda.kz

Полиция мәліметінше, егде жастағы ер адам мен әйел бұған дейін де осы қылмыскерлердің құрбаны болған. Олар жалған инвестициялық жобаға сеніп, қомақты қаржысынан айырылған. Кейін алаяқтар зейнеткерлермен қайта байланысып, жоғалған ақшаларын қайтарып беруге уәде берген.

Қылмыскерлер психологиялық қысым көрсету арқылы оларға торт пен петарда сатып алуды тапсырған. Зейнеткерлер алаяқтардың нұсқауы бойынша пиротехникалық затты торттың ішіне орналастырып, банк бөлімшесінде тұтатқан.

Жарылыс салдарынан екі зейнеткер де жеңіл жарақат алған. Абырой болғанда, басқа адамдар зардап шеккен жоқ.

Полиция осы оқиға бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғап, күдіктілерді анықтау және ұстау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал зейнеткерлердің ақшасын қабылдаған дропперлер анықталып, жауапкершілікке тартылған. Қазір ұрланған қаражатты сот арқылы қайтару шаралары қабылдануда.

Құқық қорғау органдары алаяқтардан бір рет зардап шеккен адамдардың қайтадан нысанаға айналуы мүмкін екенін ескертті. Қылмыскерлер көбіне «жоғалған ақшаңызды қайтарамыз», «өтемақы төлейміз» немесе «ірі ұтысқа ие болдыңыз» деген жалған уәделермен сенімге кіреді.

Полиция банк, мемлекеттік орган немесе құқық қорғау қызметкерлері телефон арқылы қауіпті әрекеттер жасауды, ақша аударуды немесе күмәнді тапсырмаларды орындауды ешқашан талап етпейтінін еске салды.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Новости Казахстана и мира! 🌍📺 (@kazakh_inform)