Қазақстандық жас футболшы Испанияның әйгілі «Барселона» клубымен ресми келісімшартқа қол қойды 

 

Кәрім Меңдіханов. Фото: instagram.com/k.mendikanov

Қазақстандық жас футболшы Кәрім Меңдіханов Испанияның әйгілі «Барселона» клубымен ресми келісімшартқа қол қойды  деп хабарлайды Altyn-orda.kz 

2011 жылы туған Кәрім келесі маусымнан бастап каталониялық клубтың жастар жүйесіне қосылады.

Осылайша ол «Барселона» тарихындағы алғашқы қазақстандық футболшы атанбақ.

Кәрім Меңдіханов Испанияға 2022 жылы көшіп барған.

Алғашында «Серданьола» клубында ойнаған жас футболшы кейін «Сант-Кугат» командасының қатарына қосылды. Ол негізінен оң қапталдағы вингер позициясында өнер көрсетеді.

Испаниялық басылымдар Кәрімнің жылдамдығын, қарсыласын жеке-дара алдап өту қабілетін және нәтижелі пас беру шеберлігін ерекше атап отыр.

Оның ойынына Испанияның бірнеше жоғары деңгейлі клубы қызығушылық танытқанымен, қазақстандық футболшы «Барселонаның» ұсынысын таңдаған.

Жас ойыншы жаңа командасына тезірек бейімделу үшін «Барселонаның» жасөспірімдер құрамымен бірнеше жаттығу өткізіп үлгерген. Бұл жаттығулар оның бұрынғы клубы «Сант-Кугаттың» рұқсатымен ұйымдастырылған.

Кәрім Меңдіхановтың каталониялық клубқа ауысуы — Қазақстан футболы үшін тарихи оқиға. Енді жас талант әлемге әйгілі «Ла Масия» жүйесінде шеберлігін шыңдап, үлкен футболға жолдама алуға мүмкіндік алады.